{metadescription}
Алматыда полицей 50 жастағы әйелді қызмет көлігімен қағып өлтірді
Алматыда полицей 50 жастағы әйелді қызмет көлігімен қағып өлтірді

Алматыда полицей 50 жастағы әйелді қызмет көлігімен қағып өлтірді

Алматыда полицей қызмет көлігімен әйелді қағып өлтірді. Машинаның қатты жылдамдықпен келгені сонша, көлік жуу бекетінде тұрған «Газельге» соғылып бір-ақ тоқтаған. Алған жарақаттан 50 жастағы әйел тілге келместен көз жұмды.

Туыстары  полицейдің тиісті жазасын алуын талап етеді. Ал кінәсін толық мойындаған инспектор рөлге ие бола алмай қалғанын өзінше түсіндірді.

Жұмысқа шыққан жұртшылық қатты соққының даусынан селк етті. Әп-сәтте көлік жуу бекеті алдының астан-кестеңі шықты. Жолындағыны жапырған полиция көлігі қаңтарылған «Газельге» тұмсығымен тіреліп барып тоқтады.

Қарсы беттен жүйткіп бұрылысқа кірген полиция көлігі жоғары жылдамдықпен жол жақтауын жанап өтіп, жерде тұрған үлкен шаңсорғыш құрылғысын қасындағы адамымен бірнеше метрге сүйреп әкеткен. Өкінішке қарай, қас-қағым сәттегі қатерден марқұм келіншек құтылып үлгермеді. Соққының қатты болғанын сондағы бағанадан-ақ байқауға болады.

Марқұм Сәуле Салықбаева көлік жуу бекетінде оператор болып қызмет істеген. Жайсыз жаңалықты естіген әріптес, құрбылары Сәуленің қаза болғанына сене алар емес.

Жұлдызай, С.Салықбаеваның құрбысы:

- Осы жерге келіп араласып тұратынмын. Керек-жарағы болғанда маған хабарласатын, мен машинамен жүрген соң. «Жұлдызай, ала келесің бе, бүйтесің бе?» деп. Осы жерде тірлік істеп жатырмын, осы жерде шыға алмаймын ғой, еркектің жұмысындай таңғы жұмыс қой дейтін.

Қара жамылған үйдің сыртында погонсыз, қызмет көліксіз патрульдік полиция қызметкерлері жүр. «Қолдан келгенше көмектесеміз» дейді. Инспектор Бахтияр Төлеутайдың қақтығыс сәтінде сау болғанын айтады.

Жәнібек Өскенбаев, Алматы қаласы ПД  патрульдік полициясы полк командирінің орынбасары:

- Жол-көлік оқиғасының бәрі рәсімделуде. Өкініштісі, осындай оқиға болып тұр. Қабырғамыз қайсып келіп көңіл айтып отырмыз. Бұл отбасына бар жағынан көмек көрсетіледі.

Есеңгіреп өзіне келе алмай жүрген марқұмның жақындары кінәлі тиісті жазасын алсын деп талап етеді.

Сүмбілшаш Айтуғанова, С. Салықбаеваның туысы:

- Сау деп айтып отыр. Сау болса жүз жылдамдықпен келе жатқан. Ол қалай?! Бір әйелді бес метрге дейін сүйреп барған. Басынан дым жоқ. Өзіңіз ойлаңыз. Жазасын алады. Алуы керек!

29 жастағы патрульдік полиция полкінің инспекторы Бахтияр Төлеутайдың көп өтпей мән-жайды баяндаған видеосы тарады. Алдындағы көлік кенеттен бұрылмақ болған, қақтығыстан қашу үшін рөлді солға бұрып, арты осындай жайтқа әкелген. Кінәсін толық мойындаған сақшының көңіл айтудан басқа қолынан келер қайраны жоқ. Ал ішкі істер органдарында алты жылдай істеген инспектор қазір қамауда.

Бахтияр Төлеутай, Алматы қаласы ПД патрульдік полиция полкінің инспекторы:

- Ол кісінің қазасы орны толмас қайғы әкеліп отыр. Жақындарына, туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Кінәмді толық мойындаймын. Жауапкершіліктен қашпаймын.

Сәуле Салықбаеваның артында жары мен екі баласы қалды. Үйінің жанындағы мектепте бүгін оқушылардың  шаттанған дауыстары естіліп жатыр. Марқұм салтанатты шарада осы ортадан табылып, ұлының аттестат алу қуанышына куә болуы керек еді. Әттең, жазмыштан озмыш жоқ...

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.