{metadescription}
Елордадағы ит-мысық асырайтын орталықтың күйі тым нашар
Елордадағы ит-мысық асырайтын орталықтың күйі тым нашар

Елордадағы ит-мысық асырайтын орталықтың күйі тым нашар

Елордадағы иесіз қалған ит-мысықты асырайтын орталықтардың жағдайы тым нашар. Жергілікті билік соңғы кездері саны көбейген қаңғыбас жануарларды күтіп-бағуға бас қатырмайды екен. Ал оларды атуды ғана білетін әкімдікке ит-мысықты тамақтандыру және емдеу жағын айтып шағымдануға қоғам белсенділерінің аузы бармайды.

Еріктілер бар шығынды өз қалтасынан шығаруға мәжбүр. Бірнеше жыл бұрын салынған бас қаланың шетіндегі жаңа орталық та әлі жұмыс істемейді. Волонтерлерге мекемені беруге әкімдік құлықсыз.

2017 жылдан бері орталық панасыз қалған 3000 ит пен 600 мысықтың тұрақты мекеніне айналды. Бір аптада он шақты ит жаңа иесін тапса, кеткендердің орны 60-70 жануармен қайта толады. Әрбіріне екпе салу, зарарсыздандыру волонтерлердің үйреншікті жұмысына айналған. 

Анастасия Цитеркоп, «СтопОтлов» волонтерлік қозғалысының жетекшісі:

- Жыл өткен сайын ит пен мысықтың саны көбейіп жатыр. күн сайын келіп күтіп-баптап жүрміз. Емдеу керек болса, емдейміз де. Жануарлардың азығын, тағы басқа қажет заттарды бізге жұрт әкеліп береді.  Тіпті олар ақшалай да көмектеседі. Ал ақшаны сол азыққа жұмсаймыз.

Ит пен мысыққа жаны ашығандар мемлекеттен бір тиын да алмайды. Ал биліктен қаржылай қолдау болса, волонтерлер жануарларды чиптеп, зарарсыздандыруға, орталыққа күрделі жөндеу жасауға дайын. Бұл маңда жаңа ғимарат бола тұра, «Астанаветсервистің» мамандары да жұмыс істейді.

Елордада ит пен мысықты ұстайтын тағы осындай бір орын бар. 2018 жылы пайдалануға берілген. Үш жыл бұрын ашылғанымен, қаржы тапшылығы қолбайлау болып, жұмысы тоқтап тұрыпты. Сол себепті мұнда топырлаған итті де, мысықты көре алмайсың. Мынадай үйшіктерге жануарлар жақында ғана қамалған.

Ит-мысықтың жаңа орталығы сыртынан әдемі көрінеді. Әкімдік бюджеттен 670 миллион теңге жұмсаған. Волонтерлер орталықты пайдалануға беруді көптен сұрап жүр. Ал жергілікті әкімдік көк тиыны жоқ еріктілерден 20 миллион теңге талап еткен. Бірақ бір ай бұрын жарнаны алып тастапты. Сөйтіп үш жыл бойы бір-бірімен сөз таластырып жүргенде, есігінде қара құлып тұрған мекеменің күйі қашқан.

- Қаржыны игердіңдер. Есіктер не үшін? Иттерге темір тор болуы керек.

Жануарлар жақында заңмен де қорғалады. Үкімет тиіс құжатты әзірлеуге кіріскелі біраз болды. Маусым айының соңында мәжілісмендер қарауына түседі деген жоспар бар. Заңда панасыз қалған ит-мысықты азайту, адамдардың жануарларға деген қарым-қатынасын реттеу, жауапкершілік мәселелері қаралады.

Дариға Назарбаев, Мәжіліс депутаты:

- Жануарларға қорлық көрсеткендерді жазалау мәселесіне келер болсақ, айыппұл салу керек және жергілікті атқарушы органдардың жанынан қандай да бір жануарларды қорғайтын қор құру қажет. Ал айыппұлдан жиналған сома жануарларды қорғап жүргендерге, қоғамдық ұйымдарға белгілі бір талаптарға сәйкес берілуге тиіс.

Қаржы қиындығы жойылса да, иттердің жаңа орталығы толық қазан айында пайдалануға беріледі. Астаналық ветеринарлар төртаяқтыларға медициналық қызметтің барлық түрін көрсетеміз деп құлшынып отыр. Соның арқасында бұған дейін тек әкімдіктің қаржысымен күнелткен шенеуніктер ақша табуға да әрекеттенбек. Сәйкесінше артық қаржы иесіз қалған ит-мысықты күтіп-баптауға жұмсалады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде