{metadescription}
Кербұлақта бейіт маңындағы жерді сатып алып, жерлеуге тыйым салған
Кербұлақта бейіт маңындағы жерді сатып алып, жерлеуге тыйым салған

Кербұлақта бейіт маңындағы жерді сатып алып, жерлеуге тыйым салған

«Мазар аумағына үй салмақшы». Алматы облысындағы Қарабұлақ ауылының тұрғындары осылай шу шығарды. Айтуларынша, бейіт маңындағы жарты ғасырдан астам бос жатқан жерді ірі құрылыс компаниясы сатып алып, онда өлік жерлеуге тыйым салыпты. Атқамінерлер базынасына құлақ аспаған соң, тіпті жолды жапқан.  Талғар ауданының жаңа әкімі сонда ғана келген.

Қарабұлақтықтардың қаны қарайып қара жолды жауып, Талғар ауданы әкімін осылай ортасына алдырды. Бейіт іргесін қазып жатқан техника жұмысын тоқтатып, топырағын қайта жапқанмен, көңілі алаңдар басыла қоймады. Өйткені ірі компания зират аумағын сатып алып құрылысын жүргізбек екен.

Мұхтар Бектеміров, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:

- Сатқан да, сатып алған адам да – адам емес. Ол кәпір де емес. Ит те бұлай істемейді. Бұл жерде заң бойынша алынған зат, кеңес үкіметі кезінде заңға қол қоймаса, ол заң болмайды. Бұл жерді халық жайдан-жай алған жоқ. Санитария нормасы бар. Бұл жерде бүгін жерленген адам болса, бүгіннен бастап 50 жыл бұл жерге ешкім ешнәрсе істемеуі керек.

Күлән Қазақұлова, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:

- Екі метр жер бізге тимей ме? Бұл не деген сұмдық?! Кімнен шыққан заң?! Мүрдені сатқаны дұрыс па? Олар бұны емес, балаларымыздың да жерін сатып жіберген. Мынау сайдың ішін де сатып жіберді. Енді бізді де сатады, енді бізді сату қалды.

Айналдырған жеті гектар зираттың бос аумағына тұрғындар баспана көтеріледі деп байбалам салғанмен, жергілікті әкімдік құрылыс компаниясы «сәбіз егеді» деп айды аспаннан бір-ақ шығарды. Сонда ірі компанияның көздегені дақыл егу болса, не себепті жердің астан-кестеңін шығарғаны түсініксіз.

Сәуле Мықтыбаева, Панфилов ауыл округі әкімінің орынбасары:

- Маған айтқаны: «біз бұл жерде ондай ешқандай үй салмаймыз, бұл жерде нано-технологиямен таза өнім – қияр, қызанақ шығарамыз деді.

«Бейіт аумағына дақыл егеді» деген әкімдік жауабына жұртшылық күлгенмен, іштей жылайды. Өйткені ата-бабалары жатқан кішкентай ғана жер кімнің көзіне сүйел болғанын түсінбейді. Санитарлық аумақ жекенің қолына 10 шақты жыл бұрын өтіп кетсе де, кінәлілерді жауапқа тарту кеш емес дейді заңгерлер.  

Бақытжан Базарбек, заңгер:

- Санитария нормаларына сәйкес, мүрденің шекарасынан 300 метр көлемде ол санитария қорғау аймағы болып есептеледі. Санитария қорғау аймағында кез келген құрылыс ғимараттарын салу, сол сияқты өзге де шаруа жүргізу тыйым салынған. Бұл жерде мүрденің орны жекеменшікке кетіп қалған, одан кейін ауыл шаруашылық қызмет түріне кетіп қалған. Лауазымды тұлғалар жекеменшік құқығына беріп жіберген. 2007, 2008 , 2010 жыл болсын, олар қылмыстық жауапқа тартылуы тиіс.

Жанайқайын айтқан жұрт араша сұрағанмен, әкімдіктің қолынан келер қайраны жоқ. «Жеке компания жұмысына араласа алмаймыз» деп, жауаптан ат-тонын ала қашты. Ал «бейіт бейнетін көрдік» деген бұқара жергілікті атқамінерлерден көмек болмаса, арашаны ел президентінен сұрауға бекініп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

22 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде