Өскеменде қос қабатты баспана құлағалы тұр
Өскеменде қос қабатты баспана құлағалы тұр. Әбден тозығы жеткен үйдің төбесі опырылып кеткендіктен кез-келген сәтте ортасына түсуі мүмкін. Апатты үйде тұратын 50 адамды дереу көшіруге тура келді.
Автор: Ұлан Нұрахмет
15.06.2021
Аяулым Мұсанова, Өскемен қаласының тұрғыны:
- Менің үйімнің де төбесі құлағалы тұр. Терезенің алды да шытынап кеткен. Ал біздің екінші бөлменің төбесі екі үш жыл бұрын құлаған. Әзірге апайымның үйінде жүрмін.
Қос қабатты үй өткен ғасырдың 50 жылдары салынған. Бүгінге дейін жел соқса құлағалы тұрған баспананы 20-дан астам отбасы паналап келген. Қазір ғимараттың төбесі опырылып түсуге шақ тұр. Сондықтан құтқарушылар тұрғындарды баспанасынан дереу шығаруда. Далада қалған отбасылар туған-туысын паналаса, кейбірінің барар жері, не пәтер жалдауға ақшасы жоқ. Бұған жергілікті шенеуніктер тұрғындардың өздерін кінәлауда. Олардың айтуынша, жұрт үйлерінің төбе жабындыларын дер кезінде ауыстырмаған. Соның салдарынан су өтіп, төсеніштерін шірітіп жіберген. Енді арнайы құрылған комиссия тұруға жарамды, не жарамсыз екенін анықтауға кірісті.
Денис Федченко , Өскемен қаласы әкімінің орынбасары:
- Тұрғын үй заңына сәйкес, тұрғындардың өзі төбесін ауыстыруы қажет болған. Бірақ олар бірігіп ақша жинауға ниет танытпады. Ақыры, міне, құлауға әкеліп отыр. Біз комиссия шешімін күтеміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!