КВИ-мен ауырғандарға вакцинаның жаңа түрі салынады
Қазақстанда ковидпен ауырып шыққандарға вакцинаның жаңа түрі салынайын деп жатыр. "Спутник Лайт" деп аталатын екпе түрі бір-ақ рет салынады. Денсаулық сақтау министрлігі соны Ресейден сатып алу мәселесін қарастыруда.
Автор: Ербол Тұрымбет
15.06.2021
Жалпы елде екпенің бірінші бөлігін салдырғандар саны 2 жарым миллионнан енді асқан. Ал екінші бөлігін салдырғандары шамамен 1 жарым миллионға жақын. Қыркүйекте вакцина салдырғандар санын 10 миллион адамға жеткіземіз деген министрліктің жоспары орындалмайын деп тұр. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, жағдайды ушықтырып отырған сол баяғы карантин тәртібін сақтамайтындар, яғни үйінде отырмайтындар.
Ковидқа қарсы вакцинаның екі бөлігін толық салдырғандар саны елімізде 2 жарым миллионнан енді асты. Ал бұл вакциналауға жататын халықтың төрттен біріне де жетпейді. Сәуірдің басында қыркүйекке айына дейін 10 миллион қазақстандыққа вакцина салып үлгереміз деген министр Цойдың сөзі жүзеге аспайтынына осы кезде анық көз жете бастағандай.
Өйткені екі жарым ай ішінде 7 жарым миллион адамға салып үлгереді дегенге сену қиын. Қазір вакцина жеткілікті, бірінші бөлігінен 1 миллион 200 мың доза, екіншісінен 914 мың доза дайын тұр. Бірақ мәселе үгіттің дұрыс жүргізілмеуінде сияқты. Оның үстіне, өңірлер арасында аутсайдерлер де бар.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Вакцинаның бірінші бөлігін салдырғандар санына келгенде ең төменгі көрсеткіш Маңғыстау облысында – 13,2% және Қостанай облысында 19,5%. Вакцинаның екі бөлігін де салдырғандар бойынша да Маңғыстау облысы көш соңында – 7,3%. Соған байланысты өңір басшылары халықты вакцина салдыруға ынталандыру және түсіндіру жұмысын күшейтуі тиіс.
Абырой болғанда ел аумағы 6-маусымнан бері «жасыл» аймаққа көшкен. Үш облыс, Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары «сары» аймақта. Жағдай тек елордада ғана оңалмай тұр. Алдыңғы аптамен салыстырғанда қаладағы вирус жұқтырушы саны жеті пайызға өскен. Үкімет басшысы да халықты вакциналау көлеміне қатысты бұрынғыдай нақты межені атамайды. Бүгінгі сөзі «әйтеуір қолдан келгенінше көлемін арттырыңдар» дегендей шықты.
Асқар Мәмин, ҚР премьер-министрі:
- Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстауы қажет. Бетперде режимі сақталуда, әсіресе ғимараттың ішінде. Монитринг топтар жұмысын жандандырсын. Өздеріңізге белгілі, аймақтағы көршілес мемлекеттерде аурудың өсуі байқалады. Сондықтан қосымша алдын алу шараларын қабылдау қажет. Бірінші кезекте бұл вакциналаумен қамтуды ұлғайту.
Бір жағынан жағдайды ушықтырып отырған науқастардың үйінде отырмай ел қыдыруы екен. Оны министр Цой талайдан бері айтып келеді. Өйткені Ashyq қосымшасы енгізілгелі бері ПТР-тесті арқылы ауру екені анықталған 4401 адам, оған қоса науқастармен байланысты болған тағы 4 мыңға жуық адам анықталған. Оның тиімділігіне көз жеткізгендіктен, енді осы айдың соңына дейін қосымша еліміздегі бүкіл әуежай мен теміржол бекеттеріне орнатылады.
Көп ұзамай елімізде ковидқа қарсы бесінші вакцина пайда болуы мүмкін. Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов ресейлік «Спутник-Лайт» вакцинасын сатып алу қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, вакцинаның бұл түрі ковидпен ауырып шыққандарға алты айдан кейін және бір-ақ рет салынады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!