Алаяқ келіншек 400 адамды миллиондаған қарызға батырған – Түркістан облысы
Түркістан облысында мұғалімдер жаппай алаяққа алданды. Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылында 26 жастағы келіншек «Атамекен» қоры арқылы көпбалалы әйелдерге жәрдемақы беріліп жатыр деген қауесет таратады. Мектепте істейтін туастары оқу орындарында үгіт-насихат жүрізіп, ақыры 400-ге жуық адам алаяқ келіншекке құжаттарын берген.
Автор: Бек Әбиев
16.06.2021
Ол төлқұжаттағы мәліметпен «Жусан» банкінен қомақты несие рәсімдеп алыпты. Оңай жолмен 50 мың теңге аламыз деген топ енді миллиондаған қарызға батып отыр.
Қарабұлақ ауылының мұғалімдері маусымның басынан бері күнара аудан орталығындағы банк алдына жиналады. Сәуір айында ауылдағы мектептерде «Атамекен» қорынан әр бала басына қайтарымсыз 50 мың теңгеден беріліп жатыр деген қауесет тарайды. Ал жәрдемақшаны алу үшін 26 жастағы Диара Азатбекова деген қор қызметкеріне құжатпен бару керек екен. Алғашында сенбеген мұғалімдер бірнеше адамның банк картасына ақша аударылғанын көреді. Осыдан кейін жапа-тармағай құжаттарын қолтықтап қорға барған. Тіпті бәріне бірдей «Атамекен» қорынан төрт таңбалы код келгенде ешқайсының күмәні қалмапты.
Феруза Парпиева, жәбірленуші:
- «Атамекеннен» шынымен төрт цифралы код келді. «Атамекеннен» деп келді, соны айттық. Сосын біздің құжатымызды бала санынан қарай түсіріп көрейін деді, түсірді. Биометрия фотосын жасады. Тіркеу үшін деді. 20 күн ішінде ақша түседі, сосын хабарласасыз деп шығарып салды.
Бірақ құжат өткізгендер бірер күнде атына «Жусан» банкінен миллиондап онлайн-несие алынғанын біліпті. Бас-аяғы екі айда 400-ге жуық тұрғын 800 мың мен 6 миллион аралығында қарызға кірген. «Сан соғып қалдық» дегендер күн сайын көбейетін өсімпұлды тоқтатсын деп банкке келеді. Әдетте несие берерде жіті тексеретін банктің неліктен оңай рәсімдей бергенін түсіндірсін дейді.
Хуршида Райымқұлова, жәбірленуші:
- «Жусан» банкі бізге жауап берсін! Неге бұл қыздарға өсімпұл қосылып жатыр? Не үшін миллиардтаған ақшаны бір күнде аудара берген? Біздің ойымызша, «Жусан» банк пен осы алаяқ қыздың екеуінің тығыз байланысы болған. Сезіп отырмыз. «Не үшін? Деп өткенде сұрағанда банк бізге: «Жоқ, сендер ешқандай несие төлемейсіңдер» деген. Бүгін өзімізге жабылып жатыр, «өздеріңіз кінәлі, өздерің төлейсіңдер» деп жатыр.
Банк алдына жиналғандар мекеме басшысы шықсын деп қанша шулағанымен күзетшілерден өзге ешкім келген жоқ. Есесіне алаяқпен сыбайлас болуы мүмкін деген «Атамекен» қорының өкілдері жетті. Олар да төрт таңбалы кодтың «Атамекеннен» қалай жіберілгенін түсіндіре алмады.
Бауыржан Сыздықов, Сайрам ауданы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының филиал директоры:
- Бізде ешқандай алаяқ немесе басқа да ондай азаматтар жұмыс істемейді. Бұл көрсетілген мәлімет алаяқтардың істеп жатқаны, «Атамекен» атынан өздері басқа нәрсе тіркеп, әрекет жасаған деп ойлаймыз. Онымен енді құзырлы органдар айналысады.
Құзырлы орындар өз ауылының тұрғындарын алдаған күдіктіні қамауға алған. Алданғандар саны 400-ге жуық болғанымен, тек 147 адам арыз жазыпты.
Қаракөзова, Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы:
- Ол алаяқтық. Ірі мөлшерде. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Жәбірленушілер саны полиция басқармасына арыз жазған 147 азамат. Тергеушілердің айтуына қарағанда бұл азаматтардың саны өсуі мүмкін.
Жәбірленушіміз деген мұғалімдер күдіктінің жақын туыстарын да тексеруді талап етеді. Себебі, несие берілгеннен кейін ақша келіншектің жақын туыстарының атына аударылып отырған. Қазір, оп-оңай онлайн-несиені рәсімдеп бере берген банк пен алаяқтықта аты аталған «Атамекеннің» өзінде де тексеріс жүргізіліп жатыр. Оңай жолмен шыққан ақшаның көлемі де есептеліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!