Қазақстанға қарсы шетелдік инвесторлардың арбитраж дауы көбейген
Шетелдік инвесторлардың Қазақстанға қарсы арбитражды дауы көбейген. Ал Бас прокуратура, министрліктерде құрылған бөлімдер инвестициялық омбудсмен институты бұл проблеманы шешуде қауқарсыз. Мұндай сот ісі азаймаса, отандық экономикаға инвестиция құю бәсеңдейді деп мәжілісмендер алаңдап отыр.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
16.06.2021
Дариға Назарбаева, Мәжіліс депутаты:
- Инвесторлар халықаралық арбитраждарға қазақстандық тараптың олардың құқықтары мен мүдделерін бұзғандығы жөнінде арызданады. Ал әрбір дау қазақстандық сот және құқық қорғау жүйелері үшін «стресс-тест» сияқты. Сот отырыстары көбіне ашық өткізіледі, ал материалдар интернетте көпшілікке қолжетімді. Сондықтан шетелдік ақпарат беттерінде теріс резонанс туындайды, бұл ел үшін бедел тәуекелдерінің тұрақты өсуіне алып келеді.
Қазақстанның инвестиция тартуға әрдайым қызығушылығы жоғары. Дариға Назарбаеваның сөзінше, мұны кейбір арам ниетті инвесторлар басқаша түсінеді. Тіпті шетелдік бизнесмендер үлестес компаниялардан тауарларды, жұмыс пен көрсетілетін қызметті жоғары құнымен сатып алу арқылы инвестициялау көлемін жасанды түрде ұлғайтуға дейін барады екен. Бұл ретте мәжілісмен Статидің жымысқы әрекетін мысал етті. Стати жалған компанияны пайдалана отырып алаяқтық жолмен елімізде газ өңдеу зауытын салуға жеткізілген жабдық құнын 100 миллион доллардан астам сомаға асырып жіберген. Сондай-ақ оның сыйақы төлеу және жоқ жабдықтарға 120 миллион долларға жуық ақшаны өтірік жұмсағаны тағы бар. Депутат Үкіметке инвесторлармен жұмыс істер алдында шығындарды жасанды арттыруға жол бермеу үшін инвестициялық міндеттеме тетіктерін ашық және нақты көрсетуді, оны бақылап отыруды ұсынды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!