{metadescription}
Жекеменшік балабақшалар Үкімет қолдауына зәру
Жекеменшік балабақшалар Үкімет қолдауына зәру

Жекеменшік балабақшалар Үкімет қолдауына зәру

Еліміздегі жекеменшік балабақшалар үкіметтің қолдауына зәру. Бала басына субсидия бөлініп жатқанымен, ол шығындарынан артылмайды. Соның кесірінен тәрбиешілердің де жалақысы мардымсыз. Бұлай жалғаса берсе, жекеменшік балабақшалар толығымен жабылып қалуы мүмкін.

Мәселе бүгін Мәжілісте көтерілді. Депутаттар, бірінші кезекте қаржыландыруды қайта қарау қажет деп отыр.

Қаланың іргесінде орналасқан бұл Қосшы елді мекенінде жиырмадан астам жекеменшік балабақша бар. Олардың әрқайсысы бала басына үкіметтен субсидия алып отыр. Алайда кәсіпкерлердің айтуынша, үкіметтің бұл бергені жыртықтарына жамау болар емес. 

Асыл Қожағұлованың негізгі мамандығы мұғалім. Бірақ тәрбиешілікке бүйрегі бұрып, бес жыл бойы осы салада жүр. Жұмысына деген ықыласы болмағанда мансабын ақшасы молырақ орынға алмастыра салар еді. Әр еңбектің өтеуі болу керек деп есептейді.  

Асыл Қожағұлова, тәрбиеші:

- Таңертеңнен кешке дейін балалармен жүреміз. Таңғы сағат жетіде келеміз, кешкі жетіден аса шығамыз. Жалақымыз аз. Балалармен жұмыс қиын. Әр үйдің еркесін бағу дегендей. Әр баланың өз қасиеттері болады. Үкіметке айтарымыз, сондықтан жалақыны көтерсе екен. Мен ғана емес мен сияқты аналар көп.

Жекеменшік балабақшаларға жергілікті атқарушы билік қаржы бөледі. Бұл қаражаттың мардымсыз екенін әкімдіктер де біледі. Көмектесуге тырысқанымен, әзірге ештеңе өнбеген. Сондықтан, мемлекеттік қазынадан қаржы бөлінбесе мәселені шешу қиын. Мәжілісмендер бұл түйткілді тізіп бүгін премьер-министрдің атына сауал жолдады. 

Дариға Назарбаева, Мәжіліс депутаты:

- Жергілікті бюджеттің нормативті қаржыландыру көлемінде жеткіліксіз қаражат мәселесі туындаған облыстардың әкімдіктері ағымдағы жылдың республикалық бюджетінен  қосымша қаражат бөлуге бюджеттік өтінімдер жіберді. Алайда республикалық бюджеттен тиісті ағымдағы нысаналы трансферттер бөлінген жоқ.

Жекеменшік балабақшалар ата-аналардың төлемінен пайда көріп отыр деп топшлауға да болады. Бірақ елді мекендерде бала басына 12-15 мың теңгеден артық талап ете алмайды. Сондықтан төлемдердің барлығы балалардың тамағынан артылмайды. Көп жағдайда кәсіпкерлер жалақы мен коммуналдық және басқа да төлемдерді өз қалталарынан төлеуге мәжбүр.

Шолпан Өтегенова, балабақша директоры:

Біздің мәселемізді шешіп жатқан жоқ. Ең басты мәселе педагогтардың айлық еңбекақы мәселесі. Субсидияның расчетын жасағанда кәсіпкерлердің шығыс қаражаттары ескерілмей қалған. Мемлекеттік балабақшаға да, жекеменшік балабақшаға да үкімет бірдей талап қояды.

Қазақстанда 4793 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Соның 90 пайызы ғимараттарын жалдап отыр екен. Көпшілігінде кадр мәселесі өте өзекті. Себебі тәрбиешілердің көпшілігі мемлекеттік мекемеде жұмыс істегенді қош көреді. Мұнда жекеменшікке қарағанда айлығы жоғары әрі жарты-ақ күннен жұмыс істейді.

Бану Әлкенова, балабақша меңгерушісі:

- Тәрбиешілеріміз ең жоғары дегенде 170 мың теңге айлық алады. Тәуір ақша болып көрінгенімен, ештеңеге жетпейді. Ал тәрбиешілердің көмекшілері 60-70 мың теңге ғана алады. Қазіргі қымбатшылық қысқан уақытта бұл табыс мүлдем ештеңеге жетпейді. Ал үкімет бала басына мемлекеттік балабақшалар үшін 68 мың теңге берсе, жекеменшік балабақшаларға 38 мың теңге ғана береді. Илегеніміз бір терінің пұшпағы болғанымен, бізді алалап отыр.

Биылдан бастап мемлекеттік тапсырыстар барлық өңірлер үшін бір деңгейге жеткізілді. Ал қарастырылатын қаржы тым мардымсыз деп уәж айтқан кәсіпкерлердің талабы орындалуы екі талай. Сондықтан жекеменшік балабақшаларға қолдау білдіруге қатысты Мәжіліс депутаттарының премьер-министрге жолдаған сауалынан кәсіпкерлер үмітті.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

29 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.