Елімізде сәбіз бағасы шарықтады
Елімізде сәбіздің де бағасы шарықтады. Көкөністің бұл түрі кей өңірлерде екі-үш есеге қымбаттады. Мәселен, Ақтауда бір келі сәбіз қазір 700-850 теңге аралығында сатылып жатыр. Мамандар мұны сырттан тасымалданатын тауардың қымбат бағада келуімен байланыстырады.
Автор: Айман Нұрмағанбет
17.06.2021
Осындай көрініс Ақтөбе мен Ақмола облысында да байқалады. Өңірлердегі сәбіз бағасын тілшіміз саралап көрді.
Ақтауда бір апта бұрын келісі 350-400 теңге тұратын сәбіз бүгінде 700-800 теңгеге бір-ақ көтерілген. Былтырғы өнімнің өзі қымбат. 550 теңгеден сатылуда. Апта сайын үйіне азық-түлік алатын Айжан Таңатарова бүгінде әдеттегідей көкөніс алуға шыққан. Бірақ сәбіздің бағасын көріп шошығынан айтады. Арзан сәбіз іздеуге тырысқанымен көп жерде баға шамалас екен дейді.
Айжан Таңатарова, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Дүкенде көтерме бағамен алайын десем бұл жақта да енді баға ондай көңіл толтырарлық емес. Басшылыққа айтарымыз: орташа бағада қойсын. Не масқара! 700-800 алады деген?!
Бағаны тұрақтандыру жолында Ақтау қаласының әкімдігі қолдан келгенді жасап жатырмыз деп ақталды. Негізінен мұнайлы өңірге азық-түліктің 80 пайызы сырттан тасымалданады. Сондықтан баға да мың құбылады екен. Оның өстіне қазір былтырғы өнім азайып, жаңасы шыға қойған жоқ, дейді шенділер.
Тілеген Едігеев, Ақтау қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Осы айдың аяғына дейін баға тұрақты қалпына келуі күтілуде. Күнделікті үш рет мониторинг жүргізілуде. Біз қазір ірі сауда желілерімен және базарлар иелерімен, саудагер, кәсіпкерлермен келіссөз жүргізу арқылы бағаны төмендетуге жұмыс жүргізіліп жатыр.
Ақтөбеде ең арзан сәбіздің құны - 535 теңге. Онда да бұл көкөністі тек санаулы супермаркеттен іздеп жүріп әрең табасың. Шағын дүкендерде сәбіз мүлдем саудада жоқ. Өйткені, қымбат тауарды жеткізу де қып-қызыл шығын дейді сатушылар. Көкөністің бұлай қымбаттауына тұрғындар ашынып отыр.
- Енді амал жоқ, аламыз. Қиын. Арзандатсын. Өз жерімізде шығады.
- Бұл жерде бағада әділдік жоқ, әрине! Ешкім бұл базардағы бағаны тексеріп жатқан жоқ. Келіп жатқан жоқ. Қарап жатқан жоқ.
Азық-түлік қымбатшылығы ақмолалықтарға күтпеген жаңалық болды. Бұған дейін өңірде өсірілетін картоп, ұн қымбаттаса бүгін сәбіз бағасы шарықтап шыға келді. Сауда орындарында кеше ғана келісі 250-300 теңгеден сатылып келген сәбіз бүгін 550-580 теңгеге бірақ өскен. Сатушылардың айтуынша, жергілікті жерде өсірілетін сәбіз наурыз айында аяқталған. Сондықтан қазір Қырғызстан мен еліміздің оңтүстігінен әкелінген өнімді 530 теңгеден алып, үстіне өз бағасын қосып сатылымға шығарған.
Айгүл Хасенова, сатушы:
- Қарағандыда сәбіздің көтерме сауда бағасы 500 теңге. Оны көлікке артуы, жолы бар, сонымен бізге қымбат бағамен келеді. Біз небәрі 10-15 теңге ғана қосамыз. Өткен жылы өнім шығымы болмаған екен. Сондықтан баға осылай қымбаттап кетті деп түсіндірді бізге саудалағандар.
Жалпы елде ең арзан сәбіз Шымкентте. Дүкендерде 480 теңгеден сатылып жатқан көкөністі көтерме базардан 420 теңгеге алуға болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!