Алматы облысында шаруа қожалығы арасындағы дау сотқа жетті
Алматы облысында екі шаруа қожалығының қожайындары жайылым төңірегіндегі дауға нүкте қоя алмай жатыр. Бірі екіншісінің егін еккен жеріне малын жаюын қоймайды. Ол өз кезегінде жерін айналдыра қазып тастаған.
Автор: Асқарбек Қазанғап
18.06.2021
Ақыры өзара мәмілеге келе алмай, шығынға баттым деген шаруа сотқа арызданыпты.
Қасымбек ауылы диқандар мен шаруалардың мекені. Тау бөктеріндегі алқапқа бірі егін ексе, екіншісі шүйгін шөпте малын бағады. Бірақ төрт түліктің өзгенің алқабына ауыз салуы тыйылмай тұр. Шаруа Тельман Мамедхасинов соның зардабын көріп келе жатқанын айтады. Қоңсылас көршісінің 33 гектар жері бар. Ондағы малды енді бас алған егінге жаюын қанша ескертсе де, ол қоймайтын көрінеді.
Тельман Мамедхасинов, шаруа:
- Жерін жалға береді. Осының алдында 400 қой ұстаған жалға алушылардың бірі жайылым жетпеген соң менің жеріме малын айдады. Қанша рет әкімдікке де, полицияға да арыздандым. Келіп, жер иесі Нұрәділмен сөйлесіп ескерту жасайды. Бірақ одан шыққан қорытынды жоқ.
Жергілікті әкімдік бұл жағдайдан хабардар. Жер иесі Нұрәділ Рахметолламен бірнеше мәрте сөйлескен. Бірақ «көршіңмен тату бол» деген тәмсіл жүрмей жатқан сыңайлы. Картада оның аумағы алақандай екенін аңғаруға болады. Мамандар 33 гектар жерге мал ұстау қисынға келмейді деген пікірде.
Асқар Байболат, Жамбыл ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы:
- Заң бойынша, негізі, орташа алғанда бір малға үш гектардан деп есептеген. Бұл жерде ірі қара бар, жылқы. 33 гектар, өзіңіз есептеп көріңіз, қанша мал барын, негізінде жол, бәрі берілген.
Нұрәділ Рахметолланың өзі әңгімені қысқа қайырды. Егінде жайылған малға қатысым жоқ дейді.
Нұрәділ Рахметолла, шаруа:
- Қазіргі жағдайда менің шаруа қожалығымда ешқандай мал жоқ. Менің шаруашылығымның қора жайын бір кәсіпкер жігіттер алып, Құрбан айт мерекесіне мал бордақылап, қой даярлап жатыр. Ол малдар шықса да, өз шаруа қожалғымының ортасындағы көлден су ішеді. Қайта қораға келеді.
Соңғы үш жылдан бері бұл мәселенің түйіні тарқамаған соң, Тельман Мамедхасинов егіннің айналасын қазып тастаған. Оны заңсыз деп даурыққандар да болды. Бірақ заңгерлер бәрі талапқа сай дейді.
Нұржан Мақсатов, заңгер:
- Қазған арығы өзінің жеке аумағында. Ешкімге де, шаруа қожалығы Нұрәділ айтқандай, басқа да үшінші тұлғаларға зиян келтірмейді. Біріншіден айтып кететінім сол. Екіншіден, бұл қазылған арықтың заң жүзінде Жер кодексіне сәйкес қарама қайшылық жоқ.
Өзгенің малының кесірінен өзінің өнімінен қағылып қып-қызыл шығынға батпас үшін Тельман Мамедхасинов сотқа арызданды. Бейбіт түрде шешілмеген даудың нүктесін енді заң қояды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!