Семей: Комсомолда асфальт жұмысы аяқсыз қалған
«Бастаған жұмыс аяқталсын!» Семейдегі Комсомол кентінің тұрғындары әкімдікке осындай талап қойып, жаппай наразылық білдірді. Себебі: төрт көшеге асфальт төсемек болған шенеуніктер жұмысты аяқсыз қалдырған.
Автор: Ұлан Нұрахмет
18.06.2021
Төселген қиыршық тастың үстімен көлік тұрмақ, жаяу адамның жүруі мүмкін емес. Соның салдарынан кентке жедел жәрдем мен такси атаулы мүлдем келмей қойған.
Комсомол кентінің шет жағы. Жұрт жергілікті биліктен жертелімін алып, баспананы өз күшімен тұрғызған. Алғашында оларға атқамінерлер жарықпен, ауыз сумен және жолмен қамтамасыз етуге уәдені үйіп-төккен. Ақырында жасап берген жолдың сиқы жаман.
Осылайша жолды жөндемек болған мамандар тек қиыршық тас төсеумен ғана шектеліпті. Бірақ, оның өзі оңып тұрған жоқ. Өйткені табаныңа бататын тастың үстімен жаяу жүрудің өзі оңай емес.
Көшеде көлік біткен тұсаулы аттай тұралап жүр. Себебі, жолға төселген үшкір тас доңғалағын тіліп түседі. Жедел жәрдем мен такси атаулы мүлдем келмейтін болған.
Айдын Еңсебаев, Комсомол кентінің тұрғыны:
- Жол жүруге ыңғайсыз. Кей кезде батып қаламыз. Машинаның дөңгелегіне тас кіріп жатады. Екі күнің бірінде дөңгелек жаматуға барамыз.
Жол азабын тартқан жұрт бармаған жер, баспаған тауымыз қалмады, дейді. Атқамінерлер жол жөңдеу алдағы уақытта жалғасады деп сендірді. Қазір төселген қиыршық тастардың орнығуын күтіп отыр екен.
Серікқали Жұманов ,Семей қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы:
- Біз тұрғындарға сәуір, мамырда айтқанбыз бұл жұмыстың соңы емес деп. Оны біз істейміз. Қиыршық тастар ешқайда кетпейді. Тағы да үстінен грейдермен өтеміз. Тегістеп үстіне ПГС саламыз.
Жол жөңдеуді күз айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бірақ атқамінерлер асфальт төселмейтінін кесіп айтты. Жалпы көшелерді жөңдеуге биыл қала қазынасынан 130 миллион бөлінген. Бұл қаражатқа шет ықшам аудандардағы сүреңсіз жолдар жасалады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!