Дәрігерлердің үстемеақы, жәрдемақысына тағы 71 жарым млрд бөлінеді
Коронавируспен күреске атсалысқан дәрігерлерге үстемеақы мен сақтандыру жәрдемақылары үшін тағы 71 жарым миллиард теңге бөлінеді. Тапсырма қазан айына дейін орындалуы тиіс.
Автор: Ербол Тұрымбет
18.06.2021
Оны бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада «Алтын жүрек» ескерткішін ашу салтанатында айтты әрі дәрігерлерге қатысты жаңа атақ енгізуді ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Медицина қызметкерлерінің моральдық және заңдық жауапкершілігі артып келеді. Азаматтар тарапынан қойылатын талап та жоғары. Көптеген маман қысымға шыдамай, кәсіби тұрғыдан қажып, денсаулық сақтау саласынан бас тартуда. Өкінішке қарай бұл алаңдатарлық жағдай. Менің тапсырмам бойынша жыл соңына дейін медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі іске қосылады.
Коронавируспен күреске атсалысқан дәрігерлерге үстемеақы мен сақтандыру жәрдемақылары үшін осыған дейін 180 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Мемлекет басшысы осы қолдаудың жалғаса беретінін жеткізді.
Бүгінде елімізде 260 мыңға жуық дәрігер бар. Ал жалпы денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтіндер арасында 10 мыңға жуық адам коронавирустан зардап шегіп, оның 200-ден астамы қаза тапты. Осынша ауыртпалықты бастан өткеріп жатқан ақ халаттылардың қоғамдағы мәртебесін арттыруға енді «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» атағы енгізіледі. Атақпен бірге материалдық сыйақы беру де қарастырылған. Президент барша медицина қызметкерлерін алдағы кәсіби мерекесімен құттықтап, «Алтын жүрек» ескерткіші орналасқан саябақты «Дәрігерлер аллеясы» деп атауды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Мен «Алтын жүрек» ескерткіші тұрған осы саябақты «Дәрігерлер аллеясы» деп атауды ұсынам. Бұл кешен ақ халатты абзал жандарға деген халық алғысының символына айналады деп сенемін. Індеттен біржола құтылып, қалыпты өмірге тезірек оралайық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!