Үлкен Алматы айналма жолына түсетін жер кімге тиесілі?
Үлкен Алматы айналма жолы түсетін жердің 7 жылдан бері кімге тиесілі екені анықталмай жатыр. Өйткені мемлекет учаскелерді жол салынады деп қожайындарынан кезінде сатып алып, өтемақыны артығымен төлепті. Ал оны артынша құзырлы орындар анықтаған.
Автор: Салтанат Шырынхан
21.06.2021
Осылайша жер иелеріне бюджет қаржысын қазынаға қайтаруды талап еткен облыстық сот келісімді бұзу туралы шешім шығарыпты. Енді жер сипап қалғалы тұрған шаруашылық иелері шындық іздеп шырылдауда. Бірақ БАКАД құрылысы сот жүріп жатса да, бір сәтке де тоқтамаған. Даудың басы – ат шаптырым аумақты алып жатқан жер. Салынып жатқан айналмалы жолдың құрылысына жер иелері қарсылық білдіріп отыр. Өйткені әкімдіктегілер қанша жылдан соң жұртшылықтын учаскелерін кезінде жоғары бағаға сатып алғанын айтып, қалған қаржыны талап етуде. Осылайша айналма жолдың ауыртпалығы жерді өңдеп шаруашылықпен айналысып отырған Талғар ауданындағы әлеуметке түсіп отыр. 2012 жылы учаскені мемлекетке сатқан олар тақырға отырғалы тұр. Өйткені араға екі жыл салып облыс соты жұртшылықпен жасалған келісімді жою туралы үкім шығарған.
Нұрсалима Алиярова, Алматы облысының тұрғыны:
- 7 жарым миллионнан сәл артық. Соны беруім, қайтаруым керек. Мен қайтарамын. Бірақ маған ешкім жерді қайтарып бермейді гой. Өйткені барлық жер менің атымда. Және басқа шаруашылығыма тыйым салып тастаған. Шаруашылығыма бірдене керек кой. 13 жылда бір тиын таба алмай отырмыз. Үйімді саттым. Жерімді алдым енді. Енді 13 жыл бойы салпаңдап жүрміз.
Шаруашылық иелерінің өтемақыны төлеуге еш қарсылығы жоқ. Алайда жылжымайтын мүліктерінің өзіне кері қайтарылмайтынына қапалы. Өйткені 2016 жылы жер телімі «ҚазАвтожолға» рәсімделіп, айналма жол салуды бастап кеткен. Осылайша бұғаттаулы тұрған учаскенің оларға қалай заңдастырылғанын түсінбей дал.
Дмитрий Баденко, шаруашылық иесі:
- Әрқайсысымыздың қарызымыз жер көлеміне қарай әртүрлі. Оны есепке алмай, тіпті БАКАД-қа қатысы жоқ жеке мүліктерімізді де бұғаттап тастағанына ашулымыз. Менің құрылысқа қажетті 8 соттық учаскемді 4 миллион теңгеге сатып алған болатын. Соны кері қайтаруымды талап еткендер әкемнен мұраға қалған үлкен өзге учаскені де бұғаттап тастады. Осылайша тіпті маңдай теріммен жасаған жеке шаруашылығының жемісін жей алмай отырмын.
Дмитрий Баденко секілді шындық іздеп шырылдап жүрген 45 адам бар. Олардың жерінің аумағына Үлкен Алматы айналма жолы салынады деп жергілікті әкімдік 23 гектарға 600 миллионнан аса теңге төлеген. Енді атқамінерлер жерді қайта бағалап, жаңадан сатып алуды жоспарлап отыр. Ол үшін алдымен қалған қаржыны төлеп, ескі келісімді бұзулы тиіс.
Ұлан Қызайбек, Талғар ауданы әкімдігі мемлекеттік-құқық бөлімінің бас маманы:
- Сот шешімі бар. Алты жылдан аса болды. Ол әлі күнге дейін орындалған жоқ. Талғар ауданының жер қатынастары бөлімімен осы жер учаскелерінің иелері арасындағы жерді сатып алу, сату келісім шарты бұзылған. Тағы да ол екіжақты тараптарды қарастырған. Басында қалпына келтіру бойынша қарастырылған. Жердің иелері ақшаны мемлекетке қайтару керек.
Осылайша әкімдіктегілер ақша толық қайтарылса ғана мәселе шешіледі деп отыр. Бүгінде небәрі төрт адам ғана өтемақы төлепті. Қалғаны онсыз да өзге дүние-мүлікке тыйым салып тастағанын айтып табыс көзінен қағылдық деп ашынуда.
Дамир Сапарғалиев, ҚР Индустрия және инфрақұрылым даму министрлігінің концессия басқармасының басшысы:
- БАКАД құрылысы 2018 жылы мамыр айында басталды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі түрік-кәріс консорциумі «Алсим Аларко», «Макйол», «СК Инжиниринг», «Корея Экспрессвэй» компанияларымен келісім жасады. БАКАД жобасы халықаралық қаржы институттарының жеке қаражаты есебінен қаржыландырылады. Ал жерге қатысты барлық мәселеге жергілікті атқарушы органдар жауапты.
Жұрт осылайша тоғыз жыл бұрын төленіп қойған өтемақыны қайтара аламай, не жеріне жолай алмай жүр. Өйткені тараптар соттасып жатқанымен, Үлкен Алматы айналма жолының құрылысы олар кезінде иелік еткен аумақта қарқынды жүріп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!