Байларға ашулы тұрғындар жолды жауып тастады – Түркістан облысы
Түркістан облысында бай-бағландарға өкпелеген тұрғындар жолды жауып тастады. Төлеби ауданындағы Екпінді, Қорған, Қосағаш ауылдары таудан аққан өзеннен су ішеді. Бірақ сол Біркөлік өзеніне 120 демалыс орталығының қоқысы мен нәжісі төгіледі екен.
Автор: Бек Әбиев
21.06.2021
Одан қалса әр кәсіпкер өзен суымен бассейн толтырады. Сондықтан тұрғындарға тіршілік нәрі тек там-тұмдап жетуде. Кәсіпкерлерге әлі жетпейтін шенеуніктерге күйінген тұрғындар демалыс аймағына баратын жалғыз жолды жауып тастады.
Төлеби ауданындағы бір ғана Біркөлік шатқалында 120 демалыс аймағы бар. Тұмса табиғатқа қызығатын туристтерді көптеп тарту үшін кәсіпкерлер демалыс орындарын өзен үстінен салып тастаған. Келушілердің көптігінен мөлдір бұлақ пен буырқанған өзендер ластанып кетіпті. Тіпті өзеннің арнасы қоқыстан аяқ алып жүргісіз.
Таудан бастау алатын Біркөлік өзені төмендегі ауылдарға жетем дегенше, ондаған демалыс аймағынан ағып өтеді. Бірақ демалушылардың дені қоқыс пен қалдық тастап, соның кесірінен Біркөлік өзені қазір қоқысханаға айналған. Су тұтынуы тиіс тұрғындар су емес, у ішіп отыр.
Ал атам заманнан осы өзеннен су ішіп келген Екпінді, Қорған мен Қосағаш ауылдарының тұрғындары жекеменшікке өтіп кеткен бес жылда демалыс орындарының иелері білгенін істеп отыр дейді. Тіпті бассейндері мен әжетхана суын да өзенге ағызады екен.
Ғалымжан Зәйтенов, Төлеби ауданының тұрғыны:
- Ішеді, тышады. Білгенін істеп отыр. Одан кейін сол суды біз ауылда ішеміз. Өзен жағасында білгенін істеп жатыр. Қазір құрылыс салып жатыр. Өзеннен 35 метр деп қояды, Үш жарым сантиметрден бастап салып жатыр. Өзеннің үстіне қойып, ағаштың бәрін қырнап тастаған. Табиғатты қорлап емес, зорлап тастаған.
«Зәр ішіп зәрезап болдық» дегендер демалыс аймағына апарар жалғыз жолдың бойындағы Екпінді ауылына жиналды. Ашуға булыққандар кезекті мәрте аудан әкімін шақырған. Шенеунік келген жоқ. Сондықтан бір нәтиже шықпайынша, қайтпаймыз деген тұрғындар жолды кес-кестеді. Демалыс орнына ағылғандар арлы-берлі өте алмай, жол бойында ұзақ-сонар кептеліс орнады.
-Шомылып ақша төлеп жатыр. Олар ақша істеп жатыр, осылардың арқасында. Ал біз сусыз қалдық. Бұл дүйенбіде адам аз дегені, сенбі-жексенбіде келіп көріңіздер. Көлік өткізбейміз, өтпейді!
Ашулы топ жалғыз жолды 40 минуттай жауып тастады. Кептеліске тап болған атқамінерлер дүрліккендерге көлікпен жете алмай, ақыры жаяу келді. Шенеуніктердің айтуынша, тұмса табиғатты демалыс орындары ойрандап жатқаны рас. Оларға тіпті ескерту де жасадық дейді. Алайда өзенді ластап жатқанынан бейхабар екен.
Лесбек Серікбаев, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары:
- Өзенді ластау дерегі бойынша жұмыс істейміз. Сіздерден енді ғана естіп отырмыз.
- Бұған дейін білген жоқсыз ба?
- Жоқ, мұндай мәселе бізге түскен жоқ. Хабар айтылған жоқ. Демалыс орындарының иелерімен жұмыс істейміз. Пайдаланылған су, шайындыны өзенге ағызу фактісін анықтайтын болсақ, онда құзырлы органдар бар.
Әкім-қаралар бүгіннен бастап демалыс аймақтарындағы бассейнге келіп жатқан үлкен су құбырларын кесеміз дейді. Үш аптада бетімен кеткен кәсіпкерлерді ретке келтіреміз деп ант-су ішті. Шенеуніктер жеткен соң, қоқыс толы аймақтар қалдықтан тазартылып, қозғалыс жанданды. Жұрт басшылар айтқан уәде бұл жолы да орындалмаса, жолды жаппақ түгілі, көлік өтпейтіндей бетондап тастамақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!