Үкімет қаржыны тиімді әрі үнемді пайдалана алмай отыр
Ұлттық қордың түсімінен гөрі, шығыны көп. Тек былтырдың өзінде қаржының 40 пайызы жұмсалыпты. Оның үстіне еліміздің сыртқы қарызы еселене түскен.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
21.06.2021
Сондықтан депутаттар қорды басқарудың жаңа тәсілін ойластыру қажет деп отыр. Үкімет те ақшаны тиімді әрі үнемді пайдалануды ұмыта бастағандай. Бір ғана Қаржы министрлігінің өзі пандемия салдарымен күреске бөлінген бір миллиард долларды нәтижесіз жұмсауы осыған дәлел. 2020 жылы Қазақстанның сыртқы қарызы 1 триллион 600 миллион теңгеге өсіп, 13 триллион 900 миллион теңгені құрады. Қарызын қайтаруды талап етіп жатқандар көбейгендіктен былтыр еліміз 208 миллиард теңге берешегін берген. Депутаттардың айтуынша бұл көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақының көлемімен пара-пар. Оның үстіне қарызға алған қаржыны жоспарлау мен жұмсау жағы да ақсап тұр. Мәселен, былтыр 570 миллиард теңге тиімсіз жұмсалған. Соның кесірінен пандемия салдарымен күрес сылбыр жүргізілген. Сондықтан есеп комитетінің басшысы жауапты тұлғаларды жазалауды күшейту керек деп ұсыныс айтты. Әсіресе сырттан алынатын қарыз бен оның жұмсалуы қатаң бақылауда болуы қажет. Ал қаржы министірлігінің қауқарсыздығы түрлі тексеріс нәтижесінде дәлелденген.
Наталья Годунова, Есеп комитетінің төрайымы:
- Есеп комитетінде бюджетті игеру мәселесі жан-жақты талқыланды. Бірақ қаржы министрлігі аудит ескерпесіне де, Мәжілістегі жұмыс тобына да нақты түсініктеме бере алмады. Енді ақпарат құралдарының көмегімен ақталып қалуға тырысуда. Соған қарағанда қарапайым жұрт қаржылық терминдерді түсінбейді дегенге сенген секілді. Алайда бұл кеткен кемшіліктердің орнын толтырмайды. Ал сыртқы қарыздың өсуі бірінші кезекте елдің макроэкономикалық тұрақтылығына қауіпті. Сондықтан алған ақша мен оның жұмсалуын қадағалайтын жауапты тұлғаларды белгілеу керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!