{metadescription}
Шымкентте жұрт дизель отынын таппай сенделіп жүр
Шымкентте жұрт дизель отынын таппай сенделіп жүр

Шымкентте жұрт дизель отынын таппай сенделіп жүр

Күнгейде дизель отыны тапшы. Шымкент пен оның айналасындағы  аудандарда көп жанар-жағармай бекеті жабық тұр. Ашық тұрғанында сұйық отын бағасы  қымбат әрі  сатылымы шектеулі. Кейбіреуі тек талонмен ғана құяды. Сөйтіп жанармай бекеттерінің маңында ұзын-сонар кептеліс орнаған.

Бір апта бұрын ғана газ тапшылығы сезілген кезде «бензин мен дизель жоғалмайды, һәм құны өспейді» деген шенеуніктер бұл жолы жағын ашпай отыр. Шымкент пен Түркістан облысындағы жағдайды тілшіміз көріп келді.

Шымкентте автогаз тапшылығы жойылып, енді жұрт дизель таппай  сенделіп жүр. Қаладағы бекеттер жүргізушілер сұрай бермес үшін жанармайдың бұл түрі жоқ екенін жазып іліп қойған. Ал сұйық отыны бар бекеттер қалаған бағаны іліп қойған. Мәселен, он шақты күн бұрын литрі 170 теңге болған сұйық отын бір жерде 192, кей бекетте 200 теңгеден сатылуда. Амалы таусылған жұрт табылғанына да шүкір дейді.

Данияр Есенбаев, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Кешеден бері іздеп жүрмін. Мына жерде бүгін беріп жатыр дегеннен кейін келдім. Білмеймін, қазір ада боп қалмаса.

- Қанша жерді аралап шықтыңыз?

- Қаланың бар жерінде жоқ қой. Араламаған жеріміз қалмады.

Өзбек шекарасынан шыққан көліктің нөрірі көп. Жанармайы таусылған жүк көліктері жол бойында тізіліп тұр. Алыс жақын елге тонналап тауар таситындар көлігін тастап, кездескен көлікпен дизель іздеп кетіпті. Жетісайдан Ресейге қарбыз тасып бара жатқан қырғызстандық Бақтияр Асанқұлов кешеден бері Шымкентте дизелі бар деген бекетте кезегін күтіп тұр.

Бақтияр Асанқұлов, жүк көлігінің жүргізушісі:

- Жетісайдан бері қарай мүлдем жоқ па?

- Мүлдем жоқ. Қырғызстаннан солярка құйып шыққам. Ошол соляркамен Жетісайға барып келдім. Үш күннен бері солярка іздеп жүрмін. Таппадым.

- Қайда бара жатсыз?

- Красноярскіге бара жатырмын. Қарбыз тасимын.

- Бұзылып  кетпей ме?

- Ұзақ тұрсақ, бұзылып кетеді.

Жүргізушілердің көпшілігі дизельдің аяқ астынан жоғалып кеткенін «қолдан жасалған тапшылық» дейді. «Көпке созылып кете ме?» деп қауіптенген көпшілік дизельді  бөшкелерге құйып алып жатыр.

Дизель отынын Шымкент мұнай өңдеу зауытынан алатын жанармай бекеттерінде дизель мүлдем жоқ. Ал сұйық отынды Атыраудан таситын бекеттерде шектеулі мөлшерде болса да бар. Сондықтан мұндай жанармай бекеттерінің маңында ұзын-сонар кезек.

Дизелі бар жанармай бекетінің жұмысшылары жеткізілген сұйық отын бірден таусылып жатыр дейді. Бұрынғыдан азырақ әкелініп жатқан соң, көліктерге там-тұмдап құйылуда.

Медетбек Әзімбеков, жанармай бекетінің қызметкері:

- Бір аптадан бері дизель жоқ. Күніге осындай ұзын-сонар кезек. Солярканы   күнде әкелсе де тез таусылып жатыр. Бүгін тағы әкеледі.

- Шектеп беріп жатырсыңдар ма?

- Иә, шектеп. 100 литрден, бағасы 192 теңге.

Бір апта бұрын ғана бензин мен дизель тапшылығы болмайды, бағасы да қымбаттамайды деген сөзі жоққа шыққан монополияға қарсы күрес мамандары бұл жолы жақ ашпады.

Елордада брифинг өткізген энергетика министрлігіндегілер дизельді оңтүстік аймаққа жөнелтуде проблема болғанын, алайда бұл мәселе шешіліп жатқанын айтады.

Әсет Мағауов, ҚР энергетика вице-министрі:

- Алты жарым мың тонна дизель отыны жөнелтілді. Соның ішінде 1200 тоннасы Шымкент мұнай өңдеу мұнай базасына түсті. Ары қарай автокөліктермен АЗС-тарға жеткізіледі. Бір-екі күнде жағдай шешіледі деп отырмыз.

«Мәселе жуық арада шешіледі» деген энергетика министрлігі дүрлігетін дәнеңе жоқ деп, тым сабырлы кейіп танытып отыр. Егер шенеуніктердің бұл жолғы болжамы да дәл келмесе, онда Шымкент пен Түркістан облысындағы жолдар тоқтап қалған көліктерге толады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде