Сәбіз бен картопты Орта Азиядан таситын болдық
Қазақстан сәбіз бен картопты енді Орта Азиядағы көршілерінен тасымақ. Сауда министрлігі елдегі қымбатшылыққа тосқауыл болып, бірқатар азық-түлік өнімінің тапшылығын жоймақшы. Халыққа осындай уәдесін үйіп-төккен Бақыт Сұлтанов бүгін қосшыларымен шекара асады.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
22.06.2021
Министр Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанға барған кезде форвард келісімшарттарды рәсімдеуге кіріседі. Құжат елдер арасында картоп, сәбіз, пияз пен қырыққабат жеткізудің нақты тәртібін белгілеп береді. Мәселен, маусымаралық кезеңде піспей тұрған өнім көрші елдерден Қазақстанға жеткізілсе, біздің өнім шыққанда, көршілерге жөнелтіледі.
Ресми мәліметке сәйкес, еліміз жыл сайын көкөністің 765 мың тоннасын көрші елдерге жібере алады. Ал маусымаралық кезеңде бізге ерте пісетін 280 мың тонна көкөніс керек. Егер тауар дер кезінде дүкен сөрелерінен табылса, баға 7-10, ары кетсе 20 пайызға өзгермек. Сұлтанов азық-түлік құны ауызбірлік барда аса қатты өспейтініне сенімді.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Көрші елдермен бірігіп проблеманы шешуге тырысамыз. Бұл мәселені көтерген кезде бір-бірімізге сілтемеуіміз қажет. Бәріміз бірігіп, көлік компанияларымен бірігіп осындай жүйе құрғанда бағасы ертең екі-үш есе көтерілмей, ары дегенде 10-20 пайызға ғана өседі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!