{metadescription}
Атырауда ерекше күтімге зәру балғындардың орталығы ашылды
Атырауда ерекше күтімге зәру балғындардың орталығы ашылды

Атырауда ерекше күтімге зәру балғындардың орталығы ашылды

Атырауда ерекше күтім қажет ететін балғындарды оңалтуға арналған орталық ашылды. Денсаулығында туабітті ақауы бар бүлдіршіндер енді ем іздеп алысқа сабылмайды. Қала орталығында орналасқан нысанда білікті мамандар мен қажет құралдың бәрі бар.

Елбасының «Қамқорлық» қорының қолдауымен ашылған орталыққа бүгін Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева арнайы келді.

Атыраудағы облыстық балалар ауруханасы жанынан ашылған оңалту орталығы  ресми түрде жұмысын бастады. Шараға арнайы келген Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева нысанды аралап, ерекше күтім қажет ететін балғындардың  ата-аналарымен жүздесіп, орталықта қызмет ететін мамандармен алдағы жұмыс жоспарын талқылады.

Дариға Назарбаева, Мәжіліс депутаты:

Елбасының тапсырмасымен, мінекей, осындай ғимарат құрылып отыр. Осындай балалардың саны азая берсін, тез жазылсын. Үлкен азамат болып өссін. Өз қатарына қосылып, армандарына жетсін.

Гүлбазар Сәрсенбава науқас баласын Нұр-Сұлтан қаласындағы оңалту орталығына тасымалдап жүрген. «Шалғай жерден елордаға жете алмай қалған кезіміз де болды», - дейді. Енді ем іздеп алысқа сабылудың қажеті жоқ. Өйткені ерекше күтімге зәру балаларға арналған оңалту орталығы Атырауда да ашылды. Қамқорлық қорының демеуімен жүзеге асқан орталыққа келуші саны көбейген. 

Гүлбазар Сәрсенбаева, Атырау қаласының тұрғыны:

- Астанадағыдай, ұнап жатыр. Нәтижесін көріп жатырмыз. Баланың миын дамытуға өте керемет. Енді елордаға барып та қажеті жоқ деп ойлаймын.

Аманжол Қайрош, Атырау қаласының тұрғыны:

- Қазір мен аяққа тұрдым, балтақпен жүремін. Бұрын тұра алмайтынмын. Бұл орталықтың жатын орны, тамағы – бәрі ұнайды. Әзіресе ем қабылдайтын ваннасы ерекше.

Қазір орталықта балаларды оңалтуға арналған 50 төсек-орын  бөлінген. Оның 25-і тәулікке, қалғаны күндізгі стационарға қарастырылған. 20-дан аса маман ерекше балғындарды қатарға қосуда қарқынды жұмыс істеп жатыр.

Тотия Жұмағалиева, Атырау қаласының тұрғыны:

Балам Тұрсынбек осыдан біраз жыл бойы жүре алмаған. Ақ халатты жандардың арқасында жүрді. Мың да бір рахметімді айтамын. Орталық балаларды жақсы емдейді. Массажы бар, парафині бар.

Шара соңында Мәжіліс депутаты орталықта ем қабылдап жүрген балғындардың тұсауын кесіп, батасын берді. Ата-аналар ақ халаттыларға алғысын білдіріп, тілегін жаудырды.

Дариға Назарбаева облыстық кардиоорталыққа да ат басын бұрды. Озық технологиямен жабдықталған мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты. Қаладағы орта мектептердің жанынан ашылған инклюзив білім беретін бірқатар кабинетті аралады.

Қаңғыбас  жануарларға арналған паналау орнын да арнайы барып көрді. Алдағы уақытта ерекше балаларға арналған зоотерапия орталығын ашуды күн тәртібіне қойды.

Қазір Атырау облысында ерекше білімді қажет ететін 6653 бүлдіршін «Қамқорлық қорының» қолдауымен ем қабылдап, қатарға қосылып келеді. Сапар соңында Нұр-Сұлтаннан арнайы келген делегат "Хан Ордалы - Сарайшық" музей қорығына табан тіреді. Қойнауы құнды мәліметке толы тарихи жерді аралап, хандар мен батырлар жерленген мекегенге тағзым етті.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

31 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде