Зейнетақы қаражатына тұрғын үй бағдарламасын іске қосу ұсынылды
Қазақстандықтардың зейнетақы қорындағы қаражатына жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосу ұсынылды. Бүгін депутаттар салымшылардың басым бөлігі баспана базынасын шешпегенін, керісінше, тұрғын үй нарығындағы бағаның өсуіне алып келгенін мәлімдеді.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
23.06.2021
Сондықтан Үкімет барлық инфрақұрылымы бар жер үйлердің құрылысына назар аударуы керек.
Айқын Қоңыров, Мәжіліс депутаты:
- Халықтың баспанаға қолжетімділігі сол күйі артқан жоқ. Мәселе жүйелі түрде шешілмеді. Тұрғын үй мәселесі ушығып кетті. Мемлекет әрекет етеді, бірақ әдеттегідей кешігіп әрекеттенеді. Монополияға қарсы агенттік бағаларды реттеуге тырысып жатыр, бірақ зейнетақы қорынан алынған қаражаттың таусылуына байланысты бағаның өсуі табиғи түрде баяулап келеді. Біздің азаматтарымызға жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған «Жер үй» бағдарламасы қажет.
Депутаттар жер учаскелеріне барлық қажет инфрақұрылымды жүргізіп, жеке секторды дамытуды ұсынып отыр. Ал ол үшін ақшаны Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алып, оны мемлекеттік облигациялармен инвестициялау қажет. Осылайша 4 миллион азамат өз үйіне қол жеткізе алады, ал салымшыларға тиесілі инвестициялық кірісті құнды қағаздар арқылы алуға кепілдік беріледі.
Жалпы баспана бағасы өткен жылмен салыстырғанда бірден 20 пайызға өскен. Алыпсатарлықтан бөлек, шаршы метрдің құнына құрылыс материалдары бағасының қымбаттауы да әсер етуде.
Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты:
- Мемлекеттік органдардың картоп пен сәбіз сияқты маңызды азық-түлік өнімдеріне баға мәселесіндегі дәрменсіздігі халықтың ең аз қамтамасыз етілген топтарына ауыр тиіп жатыр. Ел экономикасында отандық өндірушілерге шикізат пен материалдар бағасына қатысты қиын жағдай орын алуда. Орташа алғанда, құрылыс материалдары 60%-ға, машина жасауда және металл өңдеудегі керек-жарақ 80%-ға дейін қымбаттады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!