Алексей Цой: Ковидтен ПТР-тест қорғамайды – вакцина қорғайды
Қазақстанда үнді штамына байланысты локдаун енгізілмейді. Эпидемиологиялық жағдай ушығып кетсе, бұл мәселені Үкімет қайта қарауы мүмкін. Әзірге министрлер кабинеті Нұр-Сұлтанда карантин талаптарын күшейтуге көшті.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
23.06.2021
Әсіресе адамдар көп жиналатын жерлер қатаң бақылауда болады. Халыққа қызмет көрсетушілер вакцина салдырмаса, жұмысқа кіргізілмейді. Ashyq қосымшасы арқылы анықталған тәртіп бұзушыларға айыппұл салынады. Карантин талаптары қандай?
Үнді штамының Нұр-Сұлтан мен Алматыда анықталуы Үкіметті аяғынан тік тұрғызды. Бірақ «дельта» жайлай бастады екен деп, олар елде қатаң шектеу шараларын, яғни локдаун енгізуді ойлап отырған жоқ. Шенеуніктер тек карантин талаптарын сәл күшейтіп, босаңсыған халық есін жисын деді ме екен, ерікті вакцинаны кейбір азаматтар үшін міндетті қылып қойды.
Енді қызмет көрсету саласының, ұжымы үлкен ұйымдардың қызметкерлері вакцинасыз жұмысқа кіргізілмейді. Қауіп тобына жататын мұғалім, дәрігер, полицей сияқты мамандар да коронавирусқа қарсы вакцина алуы тиіс. Егер медициналық екпе салдыруға қарсы көрсетілім болмаса, вакцинадан бас тартқан қызметкерлерден ПТР-тест талап етіледі. Тіпті Аshyq жобасына тіркелу үшін мекеменің барлық қызметкері вакцинадан өтуі қажет.
Ералы Тоғжанов, ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары:
- Вакциналаудан өту талабы жүйеде бұған дейін тіркелгендерге де қатысты. Ashyq жобасына ойын-сауық орталықтарында, сауда үйлерінде және азық-түліктік емес базарлар қосылады. Мұнда жұмыс істейтіндер күн сайын мыңдаған адамдармен қарым-қатынаста болып, басқаларына қауіп төндіреді. Біз вакцина мен ПТР-тест тапсыруға болады деген таңдау беріп отырмыз. Біз тұрғындардың денсауғына қауіп төндіре алмаймыз.
Вакцина – тегін. Ал коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тест 7200 теңгедей. Оның бағасы өспейтініне үкімет мүшелері сенімді. Қазақстандықтар әр аптада бір рет ПТР-тест тапсырып отыруға міндетті. 7 күн сайын тестке кімнің ақшасы жұмсалатыны белгісіз. Жұмыс беруші де, жұмысшы да бұған құлқы бола қоймас.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Вакциналау мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Өтінеміз, тегін өтуге болады. Ең бастысы, ПТР-тест сізді коронавирустан еш қорғамайды, ал вакцина қорғайды. Сондықтан бұл жерде таңдау мүмкіндігі кең. Яғни сіз ауырғыңыз келмесе, тегін екпені салдыра аласыз. Егер қандай да бір жағдайға байланысты азаматтар екпе салдырғысы келмесе, онда қалтаңыздан ақша шығаруға тура келеді.
Атқарушы билік вакцина алмайтын, ПТР-тест тапсырмайтын адамдарға да шара дайындап қойған – әкімшілік жауапкершілікке тартып, 15 мың теңгеге жуық айыппұл салады.
Айжан Есмағамбетова, ҚР санитария-эпидемиология бақылау комитетінің төрайымы:
- Біз бұрын аталған адамдардың санатын вакциналау бойынша міндетті талап болатынын білеміз. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Әкімшілік жауапкершілік жеке тұлғалар үшін де бес айлық есептік көрсеткіш. Сондай-ақ заңды тұлғалар үшін де көзделеді, егер жұмыс беруші осы талаптарды орындамаса, онда ол да әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін.
Елімізде вакцинаның бірнеше түрі бар. Оны алғандар ұжымдық иммунитет қалыптастыруға үлес қосып жатыр дейді шенеуніктер. Алайда, екпе салдырған 1437 адам коронавируспен ауырыпты. «СпутникV» алғандардың үлесі басым. Қазақстандық екпені алғандардың 8-і ғана вирусты жұқтырыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!