Алматыда құрылысшылар бас көтерді
Алматыда халықаралық мектеп салып жатқан құрылысшылар бас көтерді. Бірнеше айдан бері маңдай тер ақысын ала алмаған 40-тан астам азамат жұмыс істеуден бас тартып, жанайқайын жеткізді.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
24.06.2021
«Айлықсыз күнкөріс қиындады» деп шулағандар мердігер компанияның күнде ертеңінен зәрезап болдық дейді. Ал серіктестік басшысы ешкімге берешегім жоқ деп бет бақтырмады.
Алматыдағы қымбат ауданда жекеменшік мектеп салып жатқан 40-тан астам жұмысшы бірнеше айдан бері жалақы көрмеген. Еліміздің әр өңірінен нәпақа табуға келген атпалдай азаматтар айлық сұрап құрылыс басына күнде жиналады. Бірақ одан нәтиже шамалы. Төзімі таусылған құрылысшылар қаржыдан қысылып, күнкөріс күннен-күнге қиындап кетті деп күйінеді.
Мадияр Бабаев, жұмысшы:
- Айлық жоқ. Пәтерден шығарып жіберді. Арлы-берлі жолымыз бар. Бала-шаға үйде аш отыр. Осы жерде тұрған 40 адамның барлығында несие бар. 30 пайыз жұмыс қалды. 70 пайызын бітірдік.
600 оқушыға арналған халықаралық мектептің құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталып, биыл қыркүйекте пайдалануға берілуі тиіс еді. Алғашында қарқынды басталған жұмыс қазір тоқтап тұр. Өйткені адал еңбектің ақысын даулағандар айлық төленбесе, жұмысты жалғастырмаймыз деп бекініп отыр.
Жұмысшылар үш қабатты оқу орнының бетоннан қабырғасын құюға келіскен. Таңның атысы, кештің батысы тынбай еңбек еткендер бір жылда өздеріне жүктелген жұмыстың 70 пайызын бітіріпті. Басында жалақыны уақтылы төлейтін құрылыс компаниясы соңғы уақытта қырық сылтау айтып, жұмысшыларды зар жылатып келеді.
Айдосақын Тұрсынбеков, жұмысшы:
- Күндегісін күнде беріп жүрді. Сосын екі-үш күн қылайық деді. Он күн болды, жарайды дедік. Енді екі ай бойы мүлдем ақша жоқ. Жұмысты бастамаймыз. Бірінші ақшамызды берсін. Сосын келісімшартқа отырамыз. Болмаса сотқа береміз.
Ал жекеменшік мектепке тапсырыс берген бас мердігердің басшысы ешкімге берешегіміз жоқ деп ақталды. Олар қосалқы құрылыс компаниясына атқарылған жұмысқа 70 миллионға жуық қаражат аударғанын жеткізді.
Мұхаммедғарып Құрманғали, Basyer Contsruction ЖШС-нің директоры:
- «Мұрагер» ЖШС-гі – біздің мердігер. Бұл жекеменшік қаражатқа салынып жатқан мектеп. Біздің жұмысшылардың да мердігердің де алдында қарызымыз жоқ. Олар неге бермегенін қазір компания келеді, солармен бірге қарастырамыз.
Құрылысшыларды құр уәдеге тойдырып келген «Мұрагер» атты серіктестіктің басшысы да төбе көрсетті. Зығырданы қайнаған жұмысшылар директор мен орынбасарға бірден тап беріп, сұрақтарын қарша боратты.
Ал мердігер мекеменің басшысы бар ақшаны бригадирге бердім деп бет бақтырмады. Наразы топтың жанайқайына бас қатырғысы келмеген ол жұмыс басталмай, жалақы төленбейтінін ашық айтты.
Егор Подшивалов, «Мұрагер» ЖШС директоры:
- Бригадирлерге ақшаны беріп отырдым. Айлықты жұмысшыларға солар төлейді. Менде ешкімнің аты-жөні мен тізімі де жоқ. Барлығын өздерінен сұрау керек. Біз жүктелген жұмысты толық бітіру керекпіз. Сол үшін даурықпай, жұмысқа кірісейік. Айлық атқарылған жұмысқа сай төленеді.
Жұмысшыларды жан-жақтан тартып мердігермен келісім-шартқа отырған бригадир соңғы екі айда бір тиын да көрмегенін айтады. Сондықтан ол тауы шағылған құрылысшылармен бірігіп алып, беті бүлк етпей өтірікті шындай қылып айтқан серіктестік басшысын сотқа беруден басқа амал жоқ деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!