Қазақстанда балалар жаппай вакцинациялануы мүмкін бе?
Коронавирусқа қарсы екпені енді балаларға да салуға болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы балаларды COVID-19-ға қарсы вакциналауға қатысты көзқарасын өзгертті.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
24.06.2021
Әзірге қосымша зерттеулердің нәтижесі белгілі болуын күтуде. Негізі ғалымдардың пікірі мұнда екіге бөлінген. Бірі – балалар вирусты жеңіл көтереді, сондықтан оларды егудің қажеті жоқтығын дәлелдесе, енді бір тобы міндетті түрде вакциналау керек деген сенімде. Ал отандық дәрігерлердің ұстанымы қандай? Қазақстанда балалар жаппай вакцинациялануы мүмкін бе?
Коронавирустың ауыр түріне шалдығуы мүмкін қауіп тобындағыларды егіп болған соң, 12-15 жасқа дейінгі жасөспірімдерге вакцина салуға болады. Бұл ДДҰ-ның шешімі. Ал отандық дәрігерлер бұған қатысты екі түрлі пікірде: бірі – вирус балаларға жеңіл әсер етеді, вакциналау қажет емес деп есептесе, кейбірі екпені бастағанды құптап отыр.
Раушан Құлжабаева, жоғары санатты балалар дәрігері:
- Дүниежүзілік осындай ахуал болып жатқандықтан, егер де қажеттілік туындаса балаларға да қарсы вакциналау жүргізу керек. Бірақ, ең біріншіден, бұл аурудың ересектер арасында өлім болғандықтан. Әуелі ересек адамдарды қамтуымыз керек. Әрине балалардың арасында бұл аурудың анықталып жатқаны рас, дегенмен ересектермен салыстырғанда әлдеқайда жеңілірек өтеді және де өліммен аяқталғаны болған жоқ.
Әлем тәжірибесіне көз жүгіртсек. Бұған дейін Pfizer, BioNTech өндірушілері 12-15 жас аралығындағы екі мыңнан астам балаға клиникалық зерттеу жүргізгенін мәлімдеп, екпенің кері әсері болмағанын айтқан. Тіпті қазір 6 айлық шақалақтан 12 жасқа дейінгі балдырғандарға сынақ жүргізіліп жатыр. Бірақ әлі бірде-бір мемлекет балаларды коронавирусқа қатысты егу мәселесінде нақты шешім қабылдаған жоқ. Қазақстанда тіпті балаларға сынақ жасау заңмен тыйым салынған. Дегенмен денсаулық сақтау министрлігі әліптің артын бағып отыр.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- «ҚазВак» бойынша балалардың арасында клиникалық зерттеу жұмыстары мүлдем жүргізілмеді. Оның үстіне біздің елімізде балаларға қандай да бір сынақ жүргізуге заңнамалық тұрғыда тыйым салынған. Ал басқа елдің өндірушілері егер балаларға екпе салу жағын қолға алып дәлелдесе, онда біздің елде кәмелетке толмағандарды вакциналау мәселесін қарастырамыз.
Егер балаларды жаппай егу басталса, онлайн оқу, қашықтан шара өткізу мәселесінен құтылар едік дейді мамандар. Алайда әзірге кәмелетке толмағандарды вакциналау басталмайды. Оның үстіне Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының балаларды егуге қатысты ұйғарымы әлі талай өзгеруі мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!