Талғат Мұсабаевтың басы дауға қалды – «Талғаттан таяқ жедім»
Талғат Мұсабаевтың басы тағы дауға қалды. Танымал ғарышкер бұл жолы елордалық бойжеткенді жұдырықтапты. Алина Нұртас есімді қала тұрғыны депутаттың дөрекі ісінен зардап шеккенін әлеуметтік желідегі парақшасына жариялады.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
25.06.2021
Ол сенаторға қатысты полицияның еш шара қолданбағанына налып, бассыздықты тоқтатуға шақырған.
Алина Нұртас:
- Полицияның бастапқыда менің позициямды оң деп тапқанына қуандым. Бірақ қуанышым көпке созылмады. Талғат Мұсабаев қой. Ол мені итіммен серуендеп жүргенім үшін ұрды. Мен не айта аламын? Енді Қазақстанда көшеге шығуға қорқамын. Бұл елде қауіпсіздік жоқ, заң да менің жағымда емес. Заң – күш пен билігі бар адамдардың жағында. Бәрі таныспен шешіледі. Қазақстан, кешір мені, бірақ менің әкем президент емес. Сондықтан мен әр адамның құқығы заңмен қорғалатын жаққа кетемін. Оған дейін далаға шығуға қорқынышпен, тыныш, айналама қарайлап, үнсіз жүруге мәжбүрмін.
Полиция департаментінің дерегінше, оқиға 24 маусымда Триатлон саябағында болған. Бойжеткен мен ұшқыш-ғарышкердің арасындағы жанжалға ит себеп болыпты. Талғат Мұсабаев хаски тұқымдас итке тұмылдырық кигізбегені үшін оның иесіне айғайлап ескерту жасаған. Алинаның жазуынша, серуендегенде хаскиге тұмылдырық тақпау туралы заң бар, алайда ол далаға шыққан кезде міндетті түрде тұмылдырық және иттің соңынан тазалап жүру үшін пакет алып жүретінін айтады. Халық қаһарманының айғайлағанына мән бермеген Алина ақыры таяқ жеп қалған. Бойжеткен денесінің көгергенін әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Сенатор әзірге үнсіз. Аталған іске қатысты полиция тексеріс жүргізіп жатыр.
2013 жылы да танымал ғарышкердің басы дауға қалған. Ол кезде Мұсабаев «КТК» телеарнасының журналисін балағаттаған болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!