{metadescription}
Аралда қуаңшылықтан зардап шеккен халыққа өтемақы қажет
Аралда қуаңшылықтан зардап шеккен халыққа өтемақы қажет

Аралда қуаңшылықтан зардап шеккен халыққа өтемақы қажет

Аралда қуаңшылықтан зардап шеккен халыққа өтемақы қарастырылмаған. Мемлекет ары кетсе, көрші аудандардан жеткізілетін мал азығының тасымалына ғана көмектеседі. Оның өзі төтенше жағдай жарияланғанда іске асырылуы мүмкін. Әзірге жергілікті шаруалар жем-шөпті бұрынғыдан екі есе қымбат бағасына сатып алып жатыр.

Ал көмектен күдер үзгені жылдап жиған мал басын алыпсатарларға арзан бағамен  өткізуде. Аралдағы көмекке мұқтаж шаруалардың жайын тілшіміз көріп келді.

Мергенсай ауыл округінің орталығы Жалаңаш ауылы – Арал ауданындағы қуаңшылықтан ең қатты зардап шеккен төрт ауылдың бірі. Ауданға жоңышқа, шөп, арпа сынды көмек келсе, бірінші болып осы төрт ауылға беріледі. Бір кездері нәпақасын теңізден ауырған халық бұл күндері жағдайлары малға қарап қалған. Ал биылғы қуаңшылық оларды малынан да айырайын деп тұр.

Теңіз тартылып, күні малға қараған ауыл жұрты бүгінде үйір-үйір жылқы ұстайды. Жайылым іздеп 40-50 шақырымға дейін кеткенімен, онда да дым таппайды. Сөйтіп құдыққа екі күнде бір келетін болған.

Дағдысы жылқы бағу болғандықтан Айбазар Әлімбетов те былтыр несиеге жылқы алып кәсіп қылмаққа бекініпті. Бірақ биылғы қуаңшылық жағдайын тым қиындатып жіберген. Мал басын өсірем бе деп отырғанда, керісінше, арам қатып жатыр. Тығырықтан шығу үшін енді Үкімет субсидиямен көмектессе дейді.

Айбазар Әлімбетов, Жалаңаш ауылының тұрғыны:

- Былтыр үкіметтен 3,5 миллион несие алғанмын. Соны былтырдан бастап бағып отырмын, 14 бас. Қуаңшылық қиын тиіп жатыр. Туатын байталдар бар еді, қыстыгүні құлын тастап кетті барлығы. Жердің кескіні мынау, дым жоқ. Пытырлатып бәрін сатып жіберейін десең, ертең артынан сұрауы бар. Сұрайды ертең, пәленбай ақша алдың деп. Бірақ енді несиесін ай сайын төлеп отырмын.

Мемлекеттен көмек күтіп жүре берсе, бір күні таза тақырға отыратынын малшылар да сезеді. Сондықтан Шымкент пен Түркістан облысынан келген мал саудагерлеріне мейлінше көп сатып қалуға тырысады.

Нұрлыбек Башенов, Жалаңаш ауылының тұрғыны:

- Енді жан-жақтан шақырып жатырмыз ғой, не істейміз?! Малымыз өліп жатыр, көтерем болып жатыр, соларды сату керек. Өліп қалғаннан жақсы ғой әйтеуір, кішкене ақша алып қалайық деп. 40-50 бас жібердім ғой.

- Бір өзіңіз?

- Иә, сатып жібердім.  

Бұған дейін Маңғыстау облысындағы қуаңшылыққа байланысты ауыл шаруашылығы министрлігі қаржы министрлігінен 3 жарым милилард сұраған. Ол мал азығымен қамтуға жұмсалатын болған. Бірақ Арал ауданына қатысты әзір ондай әңгіме жоқ. Өлген мал басына өтемақы да қарастырылмаған.

Еркін Әбішев, Арал ауданы әкімінің орынбасары:

- Негізінен малдың көбісі қыстан көтерем болып шыққан. Суаттарға барып, суаттың жиегінде ұйыққа батып өлген. Және де көк енді шығып келе жатқан кезде көкті қуам деп, құм қосып жеген, ішекке құм қатқан. Бұны да зерттедік,  өтемақы мәселесін. Алайда ол төленбейді. Өйткені мал тек аса қауіпті, жұқпалы аурудан ғана өлу керек екен.  

Қазіргі бар амал мемлекет көрші аудандардан жеткізілетін жем-шөптің тасымалына кететін жанармай шығынын ғана төлеп беруге жарайды. Ал мал азығын шаруалар өз қаражатына сатып алады. Одан бөлек, 200-ден астам жылқы басы Ақтөбе облысының Шалқар, Ырғыз аудандарына жағдай оңалғанша ұстап отыруға жіберілген. Ал ешкімнен көмек күтпеген шаруалар шөбі шүйгін жаққа көшіп жатыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

23 ақпан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде