«Олимп» букмекерлік кеңсесінің 11 қызметкері сотталды
Атышулы «Олимп» ісі бойынша сот үкімі шықты. Бір емес, бірнеше қылмысқа қатысы бар делінген букмекерлік кеңсенің 11 қызметкерін сот кінәлі деп тауып, әр қайсысын 5 жылдан 8 жарым жылға дейін бас бостандығынан айырды.
Автор: Аруна Ортай
28.06.2021
Салық төлеуден жалтарғаны үшін де жаза арқалады. Сотталған 11 қызметкердің төртеуі – әйел. Күдіктілер кәмелетке толмаған балаларын алға тартып, өзін соттан босатуды сұраған. Алайда сот бәрін бірдей кінәлі деп тауып, 5 жылдан 8 жарым жылға бас бостандығынан айырды. Негізі 20 адам сотталуы тиіс болған. «Олимптің» қалған 9 басшысы бостандықта. Себебі: тұтқындау кезінде қашып үлгерді. Екі жылдан бері ұстатпай жүр.
Атышулы жағдай 2019 жылдың желтоқсанында болған. Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері «Олимптің» бас кеңсесіне баса-көктеп кіріп, қызметкерлерін тұтқынға алды. Елдегі ең ірі букмекер ұзақ жыл бойы салық төлеуден жалтарып, мемлекеттік қазына 95 миллиард теңгеден қағылған.
Абай Жарылқасын, Алматы қаласы сотының ресми өкілі:
- Ұйымдасқан қылмыстық топтың ішінде 11 адам сотталды. Оның 9-ы іздеуде. 11 адамның қылмыстық әрекеттерінен мемлекетке 95 миллиард теңге мөлшерінде материалдық залал келтірілген. Келтірілген залал мемлекетке өндірілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!