COVID-19: Елордада ауруханаға күн сайын 200-дей науқас жеткізілуде
Елордада коронавирус инфекциясының күрт өсуі жергілікті билікті әбігерге салды. Әкімдік бұрынғы Ramada Plaza қонақ үйін қайтадан ауруханаға айналдырып жатыр. Бүгінде Нұр-Сұлтандағы стационарлар 70 пайызға толған. Ал күн сайын 200-ге дейін адам ауруханаға жеткізілуде.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
28.06.2021
Тимур Мұратов, Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Естеріңізде болса, былтыр біз жұқпалы аурулар ауруханасына қайта бейімделген бұрынғы Ramada Plaza қонақ үйін абыроймен жауып тастадық. Қонақ үйге Covid-19-бен ауырғандар, кейін карантин стационары ретінде жұмыс істеді. Қазір бізге тағы да 500-ге жуық орын, инфекциялық керует ашуға тура келіп отыр. Бүгіннен бастап Ramada Plaza коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды қайта қабылдайды.
Қауіпті індеттің ауыр түрін 20-дан 39 жасқа дейін елордалықтар жиі жұқтыра бастаған. 50 жастан асқан қала тұрғындарының ауыруы да екі есеге көбейіп кетіпті. Егде жастағы адамдардың коронавирустың қай түрін жұқтырғаны әлі түсініксіз. Бас шаһарда «дельта» штамының таралғаны туралы да нақты дәлел жоқ. Соңғы күндері екпе міндетті болғалы коронавирусқа қарсы вакцина салдырған елордалықтардың саны артқан. Шенеуніктер бұның бәрі үгіт-насихат жұмыстарының белсенді жүргізіліп, сондай-ақ елде үнді штамының пайда болғаны туралы ақпараттың арқасында болғанына сенімді. Қазір Нұр-Сұлтанда вакцина алған жұрт арасында көлік пен пәтер ұтысы ойнатылып жатыр.
Тимур Мұратов, Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Өткен апталарда күніне 1400-2000 адамға вакцина салдық. Соңғы күндері тілек білдірушілер саны артып келеді. Жұрт өз денсаулығына, айналасындағы адамдардың денсаулығына алаңдай бастады. Коронавирустың жаңа қауіпті штамы «дельта» пайда болғалы екпе алатындар қатары артты. Соңғы тәулікте вакцина алғысы келетіндер саны төрт-бес есе көбейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!