Эпидахуал ушықты – Қазақстан қайта «қызыл» аймаққа өтті
Қазақстан қайтадан «қызыл» аймаққа өтті. Елімізде кенеттен ауру асқынып, Қарағанды, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары мен Алматы қаласындағы эпидемиологиялық ахуал ушығып кетті. «Сары» аймақта қалған үш өңірдің жағдайы да шатқаяқтап тұр. Кеселдің қарқыны тіпті «жасыл» аймақтағы өңірлерді де алаңдатып отыр.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
28.06.2021
Өйткені Ақтөбе облысында көрсеткіш аз болғанымен, ауруы асқынғандар қатары артып жатыр екен.
Қарағанды облысы арқаны енді кеңге сала беріп еді, екі апта өтпестен «қызыл» аймаққа қайта жайғасты. Себебі: ауру жұқтыру көрсеткіші күн санап артып келеді. Кеше ғана өңірде 278 адамнан қауіпті кесел анықталды. Апталық өсім 23 пайызды көрсеткен. Бас санитар дәрігердің қаулысы да көп күттірмеді. 1-шілдеден бастап енді Қарағанды облысында «қызыл» аймақтың тәртібі орнатылады.
Айгүл Шәтекова, Қарағанды облысы санитария-эпидемиология бақылау департаментінің ресми өкілі:
- Ашық пилот жобасы іске асырылатын нысандарды қоспағанда, барлық негізгі әлеуметтік экономикалық нысан, яғни әлеуметтік мәдени, қоғамдық тамақтану орындары және басқалары «қызыл» аймақтың өлшем шарттарына сәйкес жұмыс істеуге көшеді. Облысымызда короновирус инфекциясы бойынша ахуал тұрақсыз.
Атырау облысы да «қызыл» аймаққа кірді. Қазір мұнда 65 жастан асқан тұрғындарға далаға шығуға қатаң тыйым салынды. Тек азық-түлік пен дәрі-дәрмек алу үшін ғана үйінен ұзай алады. Көшеде үш адамнан артық топтасып жүруге де болмайды. Көпшілік іс-шаралардың біразына тыйым салынды. Ал базарлар мен дүкендер, сауда орталықтары сенбі, жексенбі күндері мүлде жұмыс істемейді. Карантиннің қатаң талаптарының салдарынан жазғы демалысын жайлы өткізуді жоспарлаған балғындарға да біраз қиындық туды.
Әлия Бекешова, Атырау облысы санитария-эпидемиология бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Мектепке дейінгі балалар ұйымы кезекшілік топпен жұмыс істейді. Топтың ішінде 15 баладан артық болмауға тиіс. Жазғы демалыс орындарына 30 пайыз бала қабылдауға рұқсат.
Ақтөбе облысында қауіпті індет ушығып барады. Мұндағы ауруханаларға дерті асқынғандар көптеп түсіп жатыр. Осы уақытқа дейін бос болған провизорлық орталықтың жартысы науқасқа тола бастаған. Жансақтау бөліміндегі кереуеттің отыз пайызын короновирус жұқтырғандар алып жатыр. Айналдырған бір аптада инфекциялық стационарға қауіпті індетпен 209 науқас түсті дейді дәрігерлер.
Бекболат Ізбасаров, Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Төрт науқас өкпенің инвазивті емес жасанды желдету апаратына қосылған. Барлығы 17 бала бақылауда. Оның біреуі стационарлық ем алуда. Он жүкті әйелді қазір бақылап отырмыз. Оның үшеуі стационарлық ем алып жатыр.
Кеше елімізде қауіпті кесел 1700-ге жуық адамнан анықталды. Ауру асқынған өңірлердің үшітігін Нұрсұлтан, Алматы қалалары мен Қарағанды облысы құрап тұр. Бүгінге дейін 419 мың адамнан каронавирус анықталса, оның 393 мыңы жазылып шығыпты. Ал 4316 науқас көз жұмған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!