17 мыңдай адамды алдаған қаржы пирамидасына қатысты сот басталды
Ақтөбеде үш бірдей қаржы пирамидасын құрғандарға қатысты сот басталды. 48 адам жауапқа тартылып, олардың 31-і қамауда отыр. Ал сотталушыларға 17 мыңнан аса алданған тұрғын арыз түсірген.
Автор: Жаңалық Ахаш
29.06.2021
Қазір Ақтөбедегі қоныс колониясының айналасында күзет күшейтілген. Себебі, сот процесі әдеттегідей сот ғимаратында емес, жабық мекеменің спорт залында өтіп жатыр. Отырыс басталмай жатып-ақ айыпталушылардың бірі қызуы көтеріліп, ауырып тұрғанын айтып шағымданған соң, оны кері алып кетті. Сотталушылардың жеке басына қатысты деректермен танысу кезінде адвокаттар елдегі эпидемиялогиялық ахуалға байланысты процесті қашықтан өткізуге өтініш білдірді. Бірақ мұны судья құптамады. Өйткені бейне байланыс орнатуға мүмкіндік жоқ екен. Қылмыстық іс 3800 томнан тұрады. Ал мың парақтан тұратын айыптау актісін оқуға да біршама уақыт кетеді. Бүгін прокурорлар осы іске кірісті. Тергеушілердің сөзінше, "Гарант 24 Ломбард" және "Выгодный займ", "Estate Ломбард" қаржылық ұйымының кесірінен 17 мың адам зардап шеккен. Келтірілген шығын 30 миллиард теңге. Сотта жауап беріп жатқан 48 адамға қаржы пирамидасын құрып, алаяқтық жасағандары және ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне араласқаны үшін айып тағылып отыр.
Бұл қаржылық ұйымдар тұрғындардың салған ақшасын еселеп қайтарып береміз және автокөліктерді нарықтық құнынан қымбатқа сатып аламыз деп алдаған. Ақыры ақшаны да, көлікті де бермей кетеді. Бұған ашынған тұрғындар еліміздің әр аймағындағы осы қаржылық ұйымның кеңсесінде наразылық ұйымдастырып, құқық қорғау органдарынан күдіктілерді дереу қамауға алуды талап еткен. Ақтөбедегі «Грант 24 ломбард» кеңсесіндегі мүліктер мен құжаттарды наразы топ қопарып кеткен болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!