Талапты орындамаған нысандар Ashyq жобасынан шығарылды
Елімізде 39 кәсіпкерлік нысан Ashyq жобасынан шығарылды. Себебі: қойылған талапты орындамаған. Келушілер түгілі, өз қызметкерлерін мобильді қосымша арқылы сканерден өткізбепті. Осылайша клиенттеріне үлкен қауіп төндірген.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
29.06.2021
Дегенмен жобаға белсенді қатысып жатқан кәсіпкерлік нысандар да жетерлік. Қазір олардың саны 11 мыңға жуық. Ал мобильді қосымшаны қолданушы саны 4 миллион. Бүгінде Ashyq жобасы арқылы тәулігіне 200 мың сканер жасалады. Қазір оған сауда-ойын сауық орталықтары, сауда үйлері мен азық-түліктік емес базарларды қосуды қарастырып жатыр.
QR кодты сканерлеу кезінде «сары» немесе «қызыл» мәртебе көрсеткендер ғимараттың ішіне кіргізілмейді. Әрі бұл туралы бірден санитар дәрігерлерге ақпарат түседі. Сөйтіп карантинді сақтамаған азаматтар әкімшілік жауапқа тартылады. Ashyq жобасының арқасында осындай 10 мыңнан аса адам анықталған.
Салтанат Лесбаева, Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
- Осыған дейін жоба бүкіл Қазақстан бойынша «қызыл» мәртебесі бар 5 088 және 4 998 «сары» мәртебелі келушіні анықтауға мүмкіндік берді. Мұндай адамдар әсіресе темір жол вокзалдары мен әуежайда көп анықталады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!