Күннің ыстығынан ауруханаға түсіп жатқандар көп
Елімізде аптап ыстық басталды. Қызылорда өңірінде сынап бағанасы +50 градусқа дейін көтеріліп рекордтық көрсеткішке жетті. Ал елдің батысында ыстық ауа райынан ауру-сырқау көбейген.
Автор: Тәуірбек Бозекенов
30.06.2021
Атырау облысында қыздырған күннен жедел жәрдем қызметіне жүгінетіндер саны күрт артқан. Дәрігерлердің айтуынша бір күнде 1000-ға жуық шақырту түсіп жатыр.
Қызылордада ми қайнатар ыстық әлі басылмай тұр. Сынап бағанасы +50 градустан төмен түсер емес. Тал түсте тіпті көшеге шығу мүмкін емес. Сондықтан еріктілер аптапта аңқасы кепкен тұрғындарға көшеде салқын су таратып жүр. Алайда көпшілігі үйден шықпауға тырысуда.
Нұрлыбек Балқожаев, Қызылорда қаласының тұрғыны:
- Бүгін күн өте ыстық. Үйдеміз. Далаға шығу мүмкін емес. Желдеткіштің астында жатырмыз.
Батыс Қазақстан облысында да бір аптадан бері күннің қызуы 40 градустан жоғары. Балалар ыстықтан қорғану үшін орталықтағы субұрқақтарды саялап жүр.
Алмагүл Мағзомова, Орал қаласының тұрғыны:
- Менің ойымша, мұндай ауа райы бұған дейін болған жоқ. Балаларға балмұздақ, су әперіп жүрміз. Үйде отырғысы келмейді.
Аптап ыстыққа адам түгілі, жануарлар да шыдай алмай жатыр. Алматыдағы хайуанаттар бағындағы жануарлар күннің ыстығында тығылатын жер таба алар емес. Ыстыққа төзімсіз сүтқоректілерді мамандар күн сайын суға шомылдыруға мәжбүр. Аюларға арнайы бассейн жасап қойған. Ал сілеусіндер мен барыстардың таңғы асына мұз араластырып береді екен.
Алина Чимирук, Алматы хайуанаттар бағының ветеринары:
- Пілдердің душы бар, ыстықта қолданғанды ұнатады. Пілдер шаңды ванна қабылдайды. Лаймен, шаңмен үстін майлайды. Осылай ыстықтан қорғануда.
Атырауда күн ысығалы жедел жәрдемнің көмегіне жүгінетіндер саны артқан. Әдетте тәулігіне 800 шақырту түссе, аптапта бұл көрсеткіш 1000-ға дейін артқан.
Нарқыз Баймолдаева, Атырау облысы жедел жәрдем станциясы директорының орынбасары:
- Күннің ыстығында мүлде далаға шықпаған жөн, үйде болыңыз! Гипертония науқастар дәрісін уақытында ішіп жүрсін. Қазір ата-аналардың көбісі үй ыстық деп баласын кондиционердің астына жатқызып қояды. Ауруханаға үлкендердің қан қысымы көтеріліп түсіп жатса, балалар суық тиіп келуде. Сондықтан да балаларыңызды қазірден бастап салқынға жатқызып үйретпеңіз.
Синоптиктер еліміздегі аптап ыстық аптаның соңына дейін сақталады деп отыр. Сондықтан тұрғындарды бейберекет далаға шықпауға шақырады. Ал дәрігерлер алкогольден мүлде бас тартып, дене қимылын арттыратын сұйықтықтыкөбірек ішуге кеңес береді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!