Құран оқылып, құрбандық шалынып, LRT құрылысы қайта басталды
Құран оқып, құрбандық шалды. Он жылдан бері елорданың көркін қашырған LRT құрылысы осындай қазақы дәстүрмен қайта басталды. Жұмыс әзірге бір аумақта қызу жүріп жатыр. 22 шақырымнан асатын жеңіл рельсті көлік қозғалысын толықтай аяқтауға әлі бір миллиард доллар қажет.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
30.06.2021
Сақалды құрылысты жалғастыруға керек қаржыны шаһар әкімі Алтай Көлгінов жаздың соңына дейін табуға бекінген. Мақтауы асқан LRT-ға қанша ақша жұмсалды, қандай жұмыс жасалып жатыр?
LRT құрылысының қайта жанданғаны қазір күллі елдің аузында жүр. Түрлі видео таралып, журналистер жарыса жазып жатыр. Тіпті бүгін LRT басындағы жұмыстың басталуына қатысқан имам да "жемқорлық ескерткіші" маңындағы тірлікті ұялы телефонына түсіріп әлек. 10 жыл бойы жұмысы тоқтап тұрған ЛРТ-ға арналып құран оқылды, құрбандыққа қой шалынды.
- Сәттілікпен басталып, е, Алла, сәттілікпен аяқталуды өзің нәсіп еткейсің. Бәле-жәле, қауіп-қатерден сақтағайсың. Абырой бергейсің.
Жұмыстың қайта басталғаны Алтай Көлгіновке алып бара жатқан үлкен шаруа емес. Өйткені құрылыстың белсенді жүруіне қомақты қаражат керек. Ал қаржы көздерін шенеуніктер банктер қатысатын тендерден іздеп көрмек. Қазір тек LRT-нің белгілі бір аймағында қытайлық компания жұмыс істеп жатыр.
Қала сиқын қашырып тұрған жоба туралы 2000 жылдары сөз болғанымен, құрылыс 2011 жылы басталған. Содан бері жеті әкімді ауыстырған елорда әкімдігінің мақтауы асып, жұмысы жарты жолда тоқтап қалған LRT-ға қанша қаржы жұмсалғанын нақты айту қиын. Бірақ, әу баста жоба 2 миллиард 600 миллион долларға бағаланған.
Есеп комитетінің мәліметінше, қазына қаржысынан 156 миллиард теңге бөлінді. LRT компаниясын құруды қоспағанда, бетон блоктарын салуға 314 миллион доллар жұмсалған. Енді құрылысты жалғастыруға тағы миллиард доллар керек.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
- Жол белгіленді, бетон құрылғылары салынды. Инженерлік желі салынды. Бұрынғы инфрақұрылым басқа жерге ауыстырылды. Қаншама қаражат жұмсалды. Жобаны бұлай тастауға болмайды. Себебі, басталған жұмыс аяқталуы қажет. Одан кейін қала тұрғындарының саны өсіп жатыр. Ол да қоғамдық көлік ретінде пайдаланылады деп болжамдалды.
Алладан жәрдем сұраған CTS компаниясы бірнеше жылдан бері былықтан шыға алмай жатыр. Мемлекетті 5 миллиард 834 миллион теңге шығынға батырғандардың тағдырын бір ай бұрын сот шешіп берген. Жеті адамға 7-10 жылға дейін жаза кесілді. Ал бюджет миллиардтарын қалтаға басып қашып кеткен «Астана-LRT»-ның бұрынғы басшысы Талғат Ардан мен елорда әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбековті агенттік тергеушілері әлі жер-көктен іздеп таппай жүр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!