Технология уақыты: Алматыда дәстүрлі жарнама форумы аяқталды
Алматыда дәстүрлі жарнама форумы аяқталды. Орталық Азия жарнама қауымдастығы ұйымдастырған жиын биыл «Технологиялар уақыты» атты тақырып аясында өрбіді.
Автор: Мақсат Мәлік
01.07.2021
Мамандар жарнама өндірісіндегі технологиялар рөлінен бастап түрлі сұраққа жауап іздеп, сан қилы тығырықтан шығудың жолы көрсетті. Жарнама заңнамасын жетілдіру барысы да назардан тыс қалмады.
Медиа нарықтың өзгеруіне байланысты жарнама саласы сан құбылып күн сайын толысып келеді. Сол тұрғыда бизнес пен жарнама агенттіктер жаңа талаптарға икемделіп, технологиялық мүмкіндіктерге бейімделуі шарт. Әсіресе қазір интернет кеңістігіндегі жарнаманың дамығаны соншалық, оған жұмсалатын қаржының көлемі еселеп артқан. Алайда дабыл қаққан мамандар интернеттегі жарнама бақылаусыз, бетімен кеткенін айтады.
Адат Лайк, НТК арнасы заңгерлік қызметінің жетекшісі:
- Мұны Қазақстан аймағында тыйым салынған тауарларға қатысты байланыстыруға болады. Дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарында бәрі нақты көрсетілген. Бірақ интернет кеңістігінде соңына дейін реттелмеген, жетілдіретін тұсы көп. Мәселен, қазір интернеттегі жарнамадан алкогольді өнімдерді, бізде тіркелмеген билологиялық белсенді қоспалар мен медициналық өнімдерді байқап жүрміз.
Мамандардың сөзінше, интернет кеңістігінде сырттан жарнама таратушылар Қазақсанның заңнамасын белден басып айтарлықтай кедергі келтіреді. Сол себепті тезірек қажетті тетіктерді реттеу қажет. Жарнама заңнамасын жетілдіруден бөлек, осы салада қоғам дамуына септігін тигізетін бағыт жетерлік. Мәселен, бүгін интернеттегі әлеуметтік жарнаманың маңыздылығы назардан тыс қалмады.
Анна Тютькова, Орталық Азия жарнама қауымдастығы кеңесінің мүшесі:
- Біз қызықты зерттеу жүргіздік. Пандемия кезінде көптеген әлеуметтік жарнама болды. Тактикалық тұрғыдан өзіне жүктелген міндеттерді толық орындап шықты деп ойлаймын. Өкінішке қарай, әулеуметтік жарнама да өзге бағыт секілді көптеген жетілдіруді талап етеді. Медиа жоспар қажет. Бұл ақшасын жоғалтып алудан қорқатын әлдебір брендтің жарнамасы емес. Ұрпақ тәрбиесі жолында әлеуметтік жарнаманың атқаратын рөлі жоғары.
Мамандар әлеуметтік жарнаманы медиа кеңістікте сауатты қолдана білсек, көптеген нәтижеге қол жеткіземіз дейді. Конференция соңында адамға түрлі ой салатын роликтер көрсетілді.
Дәстүрлі жарнама форумы биыл үшінші рет өткізіліп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!