Capital Bank Kazakhstan салымшылары ақшасын қайтарып ала алады
Capital Bank Kazakhstan салымшылары ертеңнен бастап ақшасын қайтарып ала алады. Құрдымға кеткен банктің клиенттері енді «Еуразиялық банкке» жүгінуі тиіс. Жұмысын тоқтатқан қаржы ұйымына 47 мыңнан аса адам 2 миллиардқа жуық теңге салған.
Автор: Салтанат Шырынхан
02.07.2021
25-маусым күні қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Capital банкті лицензиясынан айырды. Бұған қаржы ұйымының өз міндеттерін уақтылы орындамауы себеп болған. Осылайша құрдымға кеткен банкке жиналған барлық ақша «Еуразиялық банк» арқылы бір жылдың ішінде толық төленіп бітпек. Сондай-ақ қаржы ұйымына 50 мың теңгеден аса қаражат салғандар саны 630 адамды ғана құрайды. Ал қалған 80 пайыз жұртшылықтың 1000 теңге көлемінде ғана тиын-тебені қалған.
Еліміздегі депозиттерге кепілдік беру қорының басшысы осы уақыт аралығында салымшылар ақшасын кері қайтарып алмаса, автоматты түрде зейнетақы қорларына аударылатынын айтады. 15 миллион теңгеге дейін салымы бар клиенттер қаражатын «Еуразиялық банктен» ала алады.
Әділ Өтембаев, «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ төрағасы:
- Эпидемиологиялық ахуалға байланысты халыққа барынша оңай болу жағын қарастырдық. Салымшылар банк бөлімшесіне бармай-ақ, онлайн түрде өтініш қалдыра алады. Еуразиялық банк жинақталған ақшасы түсетін карта береді. Кейіннен салымшы ол картадағы қаражатты шешіп алып, өзі қалаған кез келген банкке де аударуына болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!