ҰБТ-да әшкере болған қулықтар
ҰБТ тапсырушылардың 40 пайызға жуығы, яғни 57 мыңнан астамы шекті балл жинай алмады. Ал ең жоғарғы 140 балл жинаған жалғыз оқушы Павлодар облысының түлегі. Биылғы ҰБТ алғаш рет электронды үлгіде өтті.
Автор: Ербол Тұрымбет
02.07.2021
Сынақ тапсыруға 285 мыңнан астам оқушы өтініш беріп, 145 мыңнан астамы қатысқан. Олардың 75 жарым пайызы қазақ тілінде тапсырған. Жалпы орташа балл 69,08. Былтырғыға қарағанда 5 балл жоғары. Тест тапсыруда бұл жолы да неше түрлі қитұрқылық болған. Мәселен, оқушылардың орнына кірген 18 бөгде азамат анықталып, 9-ына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Бейнежазбалар тамыздың 25-іне дейін сарапталып, тәртіп бұзғандарға қатысты толық ақпарат сол кезде белгілі болады. Әзірге белгілісі, тыйым салынған зат алып кіргені үшін 756 түлек ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айрылса, 1305 бала ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылған. Араларында ерекше әдіс қолданғандары да аз емес.
Наужан Дидарбекова, ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы:
- ҰБТ кезінде түлектер бірнеше қулыққа барды. Оның ішінде жасырын камера алып келу, микроқұлаққап, шоколад қағазына қапталған смартфон, үлкен өлшемді спорттық аяқ киімге ұлтарақ қып салынған смартфонр, маска-шпаргалкалар. Осындай әрекетке жол бергендер болды. Әрине, олар тестілеуге жіберілген жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!