Шымкентте зертхана қызметкерлері ереуілге шықты
Шымкентте зертхана қызметкерлері ереуілге шықты. Себебі: жұмыс істеп жүрген №1 қалалық клиникалық аурухана жақында жекеменшік қолға өтіп кеткен. Соның кесірінен жұмыс көбейіп, жалақымыз үш есеге азайып кетті дейді жиналғандар. Осыны айтып арыз жазғандарды басшылық енді қудалай бастаған.
Автор: Бек Әбиев
02.07.2021
Шымкент қалалық клиникалық ауруханасының зертханашылары аурухананың сырттай сатылып кеткеніне ашулы. Себебі, өмір бойы аурухана қабырғасында жұмыс істеп жүрген оларды мамырда аурухана басшылығының өзі жекеменшікке өткізіп жіберген. «Қарсылық танытатын болсаңдар, мүлде жұмыссыз қаласыңдар деп қорқытты», - дейді жиналғандар.
Лескүл Ағыбаева, зертханашы:
- Бізге қауіп төндіріп сөздер айтты. «Егер қол қоймасаңдар, мінездемелеріңізді теріс қып беремін, жұмысқа алғызбай қоямын, «Сұңқар» клиникасына» деген сияқты, заң бабымен жұмыстан шығарамын деді. Бұл жерде бірінші кезекте сырқаттарға нұқсан келіп жатыр және жұмыс істеп жатқан бөлімінде өзіміз сияқты кезекші дәрігерлер, кезекші медбикелер барлығына жұмыс сапасына нұқсан кеп жатыр.
«Жұмысқа нұқсан келді» дегені 40 қызметкердің қазір 29-ы ғана қалған. Зертхананы қызметкерлерімен қоса сатып алған «Сұңқар Атырау» деп аталатын жекеменшік клиника басшысы кейбірін жұмыстан қуса, кейбіреуі еңбек шартына шыдамай өздері кеткен. Өйткені жұмыс көбейіп, айлығымыз үш есеге дейін қысқарып қалды дейді. «Қосымша ақша тапқыларың келсе, көшеде парақша таратып, клиент іздеңдер» - депті басшылық.
Жанат Қуандықова, фельдшер-зертханашы:
- Мамырдың айлығы 10-маусым күні түсті, 66 мыңмен 90 мың аралығында. Сағатымызға байланысты. Бұл неге бұндай болды деген едік, сағаттарың 800 теңгеден есептеледі деді. Сонда біздің еңбек өтіліміз, санат, түнгі уақытта істеген қосымша қайда? «Осы бергенім берген, істесеңдер істеңдер, ұнатпасаңдар, шыға беріңдер» - деді.
Ашуға булыққан әйелдер жекеменшікке өткізілген аурухананың бас дәрігеріне барған. Бірақ күзетшілер жолатпады. Біреуі ол «жиналысқа кетті» десе, біреуі «ота жасауға кіріп кетті» деп шатасты. Ал өзімбілемдікке салып жатқан «Сұңқар Атырау» мекемесінің басшылары тіпті телефонын көтермеді.
Осыған дейін әкім мен басқарма басшысына арыз жазған наразы топ прокуратура мен министрлікке шағым түсіреміз деп кеткен еді. Арада бірер сағат өткенде аурухана әкімдігі зертханашыларды қайта шақырды. Кенеттен пікірі өзгерген басшылар аурухана зертханасы жекеменшікке өткелі былыққа баттық деп мойындады.
Қаныбек Кешубаев, Шымкент қаласы №1 клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
- Медициналық жағынан анализдердің бәрі бізге ол кісілерден келу керек қой. Оның бәрі орынды болмай жатыр. Біраз анализдер орнына келмей жатыр. Содан кейін науқастарға қиын. Қабылдау бөлімінде үш-төрт сағатқа дейін анализ күтеді. Иә, сол «Сұңқар Атырауға» өткелі бері.Оның алдында ондай нәрселер бір сағатта шешілетін.
«Жұмыс сапасынашарлады» дегендер енді жекеменшік зертханамен келісімшартты бұзып, жалға берген ғимаратты жекеге өтіп кеткен зертханашы мамандармен бірге қайтарып алмақ. Бірақ осыған дейін тәуір істеп тұрған зертхананы неліктен жекеге өткізгенін ешкім сол күйі түсіндіре алмады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!