{metadescription}
Астана күні: Жасыл белдеудің бүгінгі көрінісі қандай?
Астана күні: Жасыл белдеудің бүгінгі көрінісі қандай?

Астана күні: Жасыл белдеудің бүгінгі көрінісі қандай?

Астана орманына Ұлттық парк дәрежесін беру керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елорданың жасыл белдеуін тікұшақпен аралап, орманның қалай дамып жатқанымен танысты.

Жасыл белдеу бүгінде елордалықтардың сүйікті демалыс орнына айналса, екінші жағынан қаланың суық климатын әлдеқайда жақсарта түскен.

Ендігі мақсат – орман көлемін ұлғайтып, Бурабай ормандарымен біріктіру. Жасыл белдеудің бүгінгі көрінісі қандай?  

Елорданың жасыл белдеуі 1997 жылы Елбасының бастамасымен қолға алынған. Жоба алғашында талайдың көңіліне күдік ұялатса да, көз қорқақ, қол батыр болды. Бүгінде ол 15 мың гектарға шамалас аумақты алып жатқан алқапты орманға айналған. Мамандардың есебінше, мұнда 10 миллионға жуық түп ағаш пен 2 миллионға тарта бұта өсіп жатыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

Соңғы жылдары жасыл аймақ үлкен орман болды. Бәріміз көріп шықтық. Алғашқы отырғызған ағаштардың биігі 20 метрден өсіп, орман болды. Оның ішінде жұрт атқа мініп жүретін, велосипед тебетін демалыс орнына айналды. Жеміс-жидек те жинайтын болды. Оның үстіне, міне, жануарлар көбейіп жатыр.

Орман іші елордалықтардың демалыс орнына айналып үлгергені де әлдеқашан. Қарақат теріп серуендеушілерден бөлек, велосипедшілер де жиі ұшырасады. Оларға арнап 26 шақырымға жуық арнайы веложол салынған.

Марат Баукенов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Бұл жерге күнде келемін. Күнтізбем бар. Оны немерем санайды. «Ата, қанша жер жүріп өттің?» деп сұрайды. 8-сәуірден бүгінге дейін 3920 шақырым жүріппін.  

Орманда қайың, шырша, қарағай, самырсын өседі. Ұсақ өсімдіктер де бар. Қалың нуға Назарбаев жылдағы дәстүрмен қырғауыл жіберді. Соңғы 10 жыл көлемінде 10 мыңдай қырғауыл ұшырылған екен. Елбасы енді орманның дәрежесін арттыру керек дейді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы:

Қазір көріп отырмыз, елік, суыр, түлкі, қарсақбарлығы осы жерде бар. Жыл сайын қырғауыл да ұшырып жатырмыз. Осы игі істің бәрін жасап жатқан орманшыларға, азаматтарға өзімнің үлкен бір ризалығымды білдіргім келеді. Орманшыларды атап өтіп отыру керек. Қазір алдымызда тұрған мақсат – орманды ұлттық парк жасап сақтау керек.

Жасыл белдеу демалыс орны ғана емес, қаланың климатын да жақсартып отыр. Мамандардың есебінше, аязды күн азайып, суық ауаның мерзімі де қысқарған. Шаңды дауылдардың қайталануы үш есе, боран мен тұман 1,5 есе кеміген. Әрі жауынды күндер үлесі де арта бастаған.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, осыдан тура 21 жыл бұрын бұл жер қу дала болыпты. Әппақ қайыңдар – осы жерде өсірілген алғашқы көшеттер. Дегенмен бұл жасанды орман болғандықтан күтіп-баптауға мұқтаж. Сондықтан «Астана орманы» қызметкерлері ай сайын жағдайын жасап отырады.

Енді жасыл белдеуді Бурабай-Щучье жағына қарай табиғи орманмен біріктіруге ғылыми ізденіс бар. Мақсат – Елбасының тапсырмасы бойынша орман аумағын 100 мың гектарға жеткізу. Ал әзірге елорданың жасыл белдеуі жыл сайын ұлғайтылып келеді.

Ерболат Шортыбаев, «Астана орманы» жетекші шебері:

Биылғы мақсат890 мың ағаш отырғызу. Нақтырақ айтсақ, 452 мыңы көктемде отырғызылды.452 мыңның ішінде 52 мыңы қылқанжапырақты тал болса, 400 мыңы жапырақты тал.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та 2025 жылға дейін Қазақстанда 2 миллиард ағаш отырғызу туралы бастама көтерген. Қазақстан аумағының төрт пайызы ғана орман екенін ескерсек, игі бастаманың аяқсыз қалмауына әрбіріміз жауаптымыз.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде