{metadescription}
Маржанбұлақ тұрғындары ауызсудан тарығып отыр – Ақтөбе облысы
Маржанбұлақ тұрғындары ауызсудан тарығып отыр – Ақтөбе облысы

Маржанбұлақ тұрғындары ауызсудан тарығып отыр – Ақтөбе облысы

Ақтөбе облысындағы Маржанбұлақ ауылы ауызсудан тарығып отыр. Жаз шыққалы шенеуніктер суды сағаттап беруге шешім шығарған. Бірақ рұқсат берген екі сағат ішінде шүмектен тамшы тамбайды деп ашынды тұрғындар.

Ал әкімдер су қоры жетпей жатыр деп ақталады. Шөлдеген маржанбұлақтықтардың жанайқайын тілшіміз тыңдап келді.

Шелегі мен құтысын көтерген тұрғындар таң атасымен ауылдан үш-төрт шақырым жердегі бұлаққа қарай ағылады. Шіліңгір шілдеде Алға ауданына қарайтын маржанбұлақтықтар ауыз суды осы жерден тасып ішуде. Жаз шыққалы шенеуніктер суды үнемдеу үшін тәулігіне небәрі екі сағат құбырдан су ағызуға рұқсат берген. Бірақ оның өзінде жөнді тамшы тамбайды деп ашынады мұндағы халық.

Нұрболат Науанов, Маржанбұлақ ауылының тұрғыны:

- Бізге алдыңғы күні берді. Бүгін кешкісін береді. Екі сағат па, үш сағат па, оның өзі ақпайды. Сосын оның өзін бөліп тастағаннан кейін, бір келмегеннен кейін канал бойындағы лай суды ішуге де келмейді. Өзіміз су таба алмай отырмыз. Сол бұлақтан тасып ішеміз. Бақша ектік.  

Қалтасы көтеретіндер ауласынан құдық қазуға кіріскен. Бірақ су көзін дәл тапқанның өзінде 35-40 метр тереңдіктен ғана шығады. Ал оны бұрғылау үшін әр метріне 15-18 мың теңге төлеуге тура келеді.

Рима Бесжанова, Маржанбұлақ ауылының тұрғыны:

- Ұңғыма қазуға бір адам басына жеті жүз мың. Үй салғанда қаншама несие алдық. Онсыз да басымызда қаншама қарыз бар. Көршімізде 38 неден шыққан. Олар жеті жүз мың теңге құртып тұр мысалға. Несиеге кіріп тұр. Ол ең арзаны. Жоғарыда одан да көп.

Шөлдеген маржанбұлақтықтарға су тасу үшін шенеуніктер трактор жалдапты. Күніне екі мезгіл ауылды аралап шығады екен. Бірақ ол судың сапасына тұрғындардың көңілі толмайды.

Қайрат Ешниязов, Маржанбұлақ ауылының тұрғыны:

- Кешегіде айқай-шу шыққасын әкімдік су таситын көлік беріп еді. Үлкендер жұмыста боламыз, балалар тасиды, қиын. Ол су да жетпейді. Сосын жаңағы судың сапасы нашар. Ішуге жарамайды.  

Шенеуніктер жаз шықса судың тартылып қалатынын айтып ақталады. Ал трактормен жеткізіп отырған суды ішуге болады деген құжаттары бар екен. Әзірге осымен амалдай тұрамыз деп отыр.  

Мейіржан Еламан, Маржанбұлақ ауылдық округінің әкімі:

- Күннің ысуына байланысты жердің астыңғы судың  қоры азайып кетіп жатыр. Дебет жоқ. Сол себептен төменгі жақтың өзінде екіге бөліп, күніне жоғары жаққа бір мезгіл, төменгі жаққа бір мезгіл беріп жатырмыз. Биыл болмайды. Биыл сметасы дайын болса, келесі жылы жаңағы аудан немесе республикадан қаржы қарастырылады.         

Үш мыңнан аса тұрғыны бар Маржанбұлақ ауылының айналасындағы су қорын барлауға мамандар енді кіріскен. Ол зерттеудің қашан дайын болары белгісіз. Сонымен қатар қосымша су құбырын тартуға құжаттары да әлі әзір болмапты. Сондықтан маржанбұлақтықтардың тағы бірнеше жыл сусыз шыдап отыруына тура келеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде