Елімізде суға кетіп ажал құшқандар саны артып барады
Елімізде суға кетіп, ажал құшқандар саны артып барады. Шомылу маусымы басталғалы бері Шығыс Қазақстан облысында 17 адам өзен-көлдерге батып кеткен. Өлім-жітімді азайту үшін семейлік полицейлер жағалауларға арнайы барып, кез келген жерде шомылуға болмайтынын ескертіп жатыр.
Автор: Ұлан Нұрахмет
08.07.2021
Алайда аптап ыстықта судан сая тапқандар құтқарушыларға құлақ аспайтын көрінеді. Өйткені бір ғана Көкшетауда соңғы үш тәулікте 8 адам суға батып өлген.
Көкшетаулық құтқарушылар шомылу маусымы басталғалы бері өзен-көлдерді жағалап жұртқа ескерту жасап әлек. Ал олардың қауіпсіздік ережелері жазылған үнпарағын ескеріп жатқан ешкім жоқ. Есесіне, судағы қауіпті деген иірім жерлерге белгі қойылғанымен, жұрт шомылуды доғаратын емес. Үш күннің ішінде сегіз адам суға кетіп ажал құшты. Қатарында 14 жастағы бала да бар.
Асхат Ақылжанов, Ақмола облысы ТЖД азаматтық қорғаныс бөлімінің бастығы
- Шомылу маусымы басталғаннан бері 17 адам суға батып кетті. Түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, статистика азаймай тұр. Бұған себеп: жұрттың қауіпсіздік ережесін сақтамауы. Ата-аналар баласын қараусыз жібереді. Қауіпті жерге қойылған белгіні де елеп-ескермейді.
Семейлік полицейлер жұртқа ескерту жасаудан әбден шаршадық дейді. Ертіс өзеніне ішімдікке сылқия тойып алып түсетіндер мен жағалауды ластайтындар қатары көбейген. Ащы сусынды ұрттап алып шомылудың соңы көп жағдайда қайғылы аяқталады. Тәртіп сақшылары арақ ұрттап алғандарды жаппай жазалауға көшті.
Елеубек Оспанов, Семей қалалық ПБ баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Өзен жағасында ішімдік ішкен немесе мас күйінде болған 9 адамға айыппұл салынды. Айыппұлдың мөлшері бес йлық есептік көрсеткіш. Рұқсат етілмеген жерде және су орындарын дұрыс пайдаланбаған үшін 12 хаттама толтырылды. 12 тұрғынға ескерту жасалды.
Елімізде былтыр 281 адам суға кеткен. Биыл тілсіз жаудан құрбан болғандар саны 149-ға жетті. Арасында 52 бала бар. Шомылу маусымы аяқталғанша, бұл сан өсе түседі деп қауіптенген мамандар жұртқа суға түсудегі қауіпсіздік ережесін қатаң сақтауға кеңес береді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!