«Сатыбалды Нарымбетов соңғы киносын түсіре алмай, күйініп кетті»
Қазақ кинематографиясында орны толмас қаза. Белгілі режиссер әрі жазушы Сатыбалды Нарымбетов дүниеден өтті. Марқұм жақында ғана 75 жылдық мерейтойын атап өткен еді. Кино саласына бар ғұмырын арнаған талантты тұлғаның артында өшпес мұра қалды. Ал оның ажалына асқазандағы ескі жара себеп болған.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
08.07.2021
Ажалдың құрығы қазақтың біртуар режиссері Сатыбалды Нарымбетовке де түсті. Марқұм бүкіл ғұмырын киноға арнап, осы салада адал қызмет еткен еді. Ол кино әлеміне проза арқылы келген, яғни, екінші курстан бастап әңгіме жаза бастайды. Ал фильм түсірем деп ешқашан ойламапты.
- Режиссураға келем деп мен үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Ең алғашқы «Летят журали», «Баллада о солдате» деген екі фильм көрдім. Содан кейін киномен ауыра бастадым.
«Созақтан шыққан Гамлет», «Мұстафа Шоқай», «Аманат» сынды көрерменнің жүрегіне жол тапқан талай фильмнің режиссері болды. Онға тарта картинаға сценарий де жазған. «Шоқ пен шер» туындысының оқиға желісін бар-жоғы 25 жасында жазып шығады. Кейін ол Монте Карлода «Ең үздік балалар фильмі» жүлдесін жеңіп алған болатын. Сатыбалды Нарымбетов шәкірт тәрбиелеумен де айналысқан.
Смағұл Елубай, жазушы:
- Сатыбалды кинорежиссурадан жүздеген шәкірт тәрбиелеген ұстаз болған тұлға болатын. Екі ұлы – Ескендір менен Мұхит осы кино саласында, бірі оператор, бірі кинорежиссер. Сол шәкірттерімен бірге қазақ киносында Сатыбалдының салған жолы одан әрі жалғасын табады деп сенеміз.
Көзі тірісінде Кенесары ханға арнап тарихи фильм түсіруді армандаған. Алайда бұл арманы сол күйі орындалмай кетті. Әрі соңғы туындысын да аяқтай алмай, мәңгілік сапарға кете барды.
Ермек Тұрсынов, режиссер:
- Соңғы киносын түсіре алмай қалды. «Қазақфильмнің» басшылары оған көмектескен жоқ, жолын кесіп тастады. Өкінішті ... «Долгое эхо» деген киноға кіріскен еді. Соны қатты уайымдап жүрген, іштей күйініп ...
Сатыбалды Нарымбетов наурыз айында 75 жылдық мерейтойын атап өткен. Ал екі апта бұрын асқазандағы ескі жарасы ашылып ауруханаға түсіпті. Содан беті бері қарамай, бүгін таңғы сағат 6-да жан тапсырды.
Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі қаланың «қызыл» аймақта болуына байланысты жақын адамдарының ғана қатысуымен өтеді. Ол сенбі күні соңғы демі үзілген орталық клиникалық ауруханадан шығарылып, қазақтың талай зиялысы жатқан Кеңсай зиратына жерленеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!