Шымкентте 100-ден астам теміржолшы жұмысқа шықпай қойды
Шымкентте 100-ден астам теміржолшы бүгін жұмысқа шықпай қойды. Басшылықпен кездесуді талап еткендер жұмысымыз тозақ, жалақымыз мазақ дейді. Олар айлықты көтеруді сұрап отыр. Ыстық пен суық, қар мен жаңбырға қарамай мықшаңдайтын теміржолшылар жұмыс киімді де өзіміз сатып аламыз дейді.
Автор: Бек Әбиев
08.07.2021
Берісі Арыс пен Шымкент, арысы Түлкібас пен Түркістан бойындағы шойынжолға жауапты жұмысшылар бүгін жұмысқа шыққан жоқ. Барлығы таң атпай Шымкенттегі «Қазақстан темір жолы» филиалының алдына жиналды. Себебі, шойынжолдағы ақауды жөндеп, шпалдарды ауыстыру сияқты ауыр жұмысқа жегілгенімен, айлық мардымсыз дейді.
Айдарбек Наурызбаев, теміржолшы:
- Күннің асты, күннің суығы – төленбейді, сөздің шыны. Снепке төленбейді, шындық. Бұл жерде көпшілік бәрі соған жиналып тұр. Айлық 120-130, мүлдем жетпейді.
Теміржолшылар сенбі-жексенбі күндері де жұмысқа жегілгенімен оған бір тиын қоспайды екен. Ал үнемі жаңаланып тұруға тиіс жұмыс киімі жылдап берілмейтін көрінеді. Тіпті қолғапқа дейін өзіміз сатып аламыз дейді. Кей бригадалардың күнделікті жұмыс орнына апаратын көліктері былтырдан бері жүрмейді. Сондықтан ауыр сайманды арқалап шойынжолдың қираған жерлеріне жаяу барамыз дейді жиналғандар.
Әбілқасым Әбитаев, теміржолшы:
- Машинамыздың бұзылғанына былтыр сәуірде тоқтаған, бұзылып. Содан жаяу барып, жаяу келеміз. Есептеңіз, қанша километр? 17 километр. Азанда жаяу барасың, кешке жаяу қайтасың. Машинаның бұзылғанына жылдан асты.
Он жұмысшының міндетін екі-үш адамның мойнына артып қою да әдетке айналған. Соның салдарынан көпшілігі ауру болдық дейді. Осыған ашынғандар еңбек шарты өзгертіліп, жалақы көтерілсін дейді. Тіпті бұл талапқа 120 теміржолшы қол қойып, басшылыққа жөнелтті.
Нұржан Әшірбаев, теміржолшы:
- Талап – 250 мыңнан кем қылмау керек. Киімді тоқсан сайын берсе болғаны. Бір жылға берген киім жетпейді. Мен өзім киім сатып алып жүрмін. Ең төменгі айлық – Шымкентте.
Жұмысшылардың ереуілі елден бұрын Елордаға жеткен. Бас кеңседен келген басшылық теміржолшыларды осындағы мәжіліс залына жинады. Тіпті карантин кезінде тар бөлмеге тығылысқандардың тынысы тарылмасын деп терезені де сындыруға мәжбүр болды. Сығылысқан жұмысшылар мен басшылық терлеп отырып сағаттап айтысты. Ақыры басшылық Шымкентте жұмысшылардың құқы тапталып келгенін мойындады. Күн 35 градустан ыстық болса, айлыққа ақша қосылу керек екенін, артық істеген сағаттарға қосымша қаржы төленбегенін де растап отыр. Бірақ айлықты көтеруге асықпайды.
Қайырбай Орынбаев, ҚТЖ АҚ магистральды желі дирекциясының бас инженері;
- Жалақы мәселесі біздің құзырымызға кірмейді. Сондықтан компания басшыларына жеткіземіз. Бұл мәселені компания өзі шешеді. Өйткені біз халықпен кездескенде бүгін түсіндіріп айттық. 1-қаңтарда көтердік айлықты, 1-сәуірде де көтердік, Енді 1-шілдеде көтереміз деген едік, енді оны басқарма қарап жатыр.
Жалақы мәселесі бойынша қандай шешім қабылданатыны алдағы уақытта белгілі болады. Сондай-ақ бас кеңседен келген басшылар жұмысшылардың жанайқайына дер кезінде құлақ аспаған шымкенттік жауаптылардың мәселесі май шаммен қаралады деп сендірді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!