Ақтөбеде толассыз жауыннан үйлерді су басып, жарықсыз қалған
Ақтөбеде екі күннен бері тоқтамай жауған жаңбыр тұрғындарды әбігерге салды. Көшені су шайып, ағаштар құлап қалған. Көпқабатты тұрғын үйлердің шатырынан су кетіп, қаланың кей аудандары жарықсыз отыр.
Автор: Айман Нұрмағанбет
08.07.2021
Ақтөбедегі орталық ауруханының қазіргі сиқы жаман. Екі күннен бері тоқтамаған жауыннан медициналық мекеменің шатыры тесіліп су кетіп жатыр. Сегіз жыл бұрын салынған ғимараттың ішінде аяқ алып жүру мүмкін емес. Су жинау үшін әр жерге қойылған шелек те тез толып қалады.
«НұрАқтөбе» ықшамауданындағы жаңа салынған үйлер. Мемлекеттік бағдарлама аясында жақында ғана берілген баспаналардың бояуы кеппей жатып сыр беруде. Төбесінен су ағып, қабырғасы жарыла бастаған. Тұрғындар пәтер иелерінің кооперативі мен шенеуніктерге бірнеше рет хабарласқанын айтады. Бірақ олардан еш қайыр болмай тұр. Нөсер жауыннан көше көлге айналып, жаяу адам түгілі, көліктер де кібіртіктеп қалды. Ауа райын болжаушылар ақ жауын апта соңына дейін тоқтамайды дейді.
Серік Дәулетов, Ақтөбе қаласы әкімі аппараты төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы:
- Қаладағы көшелерден су сорғызылып жатыр. Бұл жұмыстарға 65-70-тен астам су соратын техника, екі жылжымалы сусорғыш жұмылдырылды, орталық көшелерде. Қаладағы бес сусорғыш станция іске қосылды. Сонымен қатар 10 мотопомпа жұмыс жасап жатыр. Жұмыс күндіз-түні жүріп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!