Екі әйелдің өліміне кінәлі хирург тағы да жазадан құтылып кетті
Алматыда екі бірдей пациенттің өліміне кінәлі хирург тағы да жазадан сытылып кетті. Дмитрий Писаревті сот ақыры үш жыл дегенде Лаура Ізбасарованың өліміне кінәлі деп тапты.
Автор: Аруна Ортай
08.07.2021
Алайда сол мезетте-ақ істің ескіруіне байланысты сот залынан босатылды. Қызын қолдан өлтірген дәрігердің көз алдында бостандыққа жіберілгенін көрген анасы есінен танып құлаған. Әбден созбалаңға салынған істе жеңіп тұрып, жеңіліс тапқан марқұмның туыстары президенттен араша сұрайды.
Атышулы хирург бұған дейін де ота кезінде бір келіншекті өлтіріп алып, дәл осылай марқұмның туыстарының көзінше бостандыққа шыққан. Тілшіміз әділет сұрап етегі жасқа толған анамен тілдесіп қайтты.
- Мен бұл үкім шыққан кезде өте жаман жағдайда болдым. Неге біздің елімізде осындай болып жатыр?
Онсыз да қайғыдан қан жұтқан ананың енді сот үкімінен жүрегі қарс айырылып отыр. Қызы дәрігердің қателігінен өлгені үш жыл дегенде ақыры сотта дәлелденген еді, қылмыскер сол бойда-ақ бостандыққа жіберілді. Нашар денсаулығына байланысты үкімді үйде онлайн тыңдаған әйел отырған жерінде есінен танып құлаған.
Дамира Алдамжарова, марқұм Л.Ізбасарованың анасы:
- Неге бас бостандығынан айырмайды? Неге осылай аналар жылап қала береді? Келіспеймін үкіммен! Себебі, адам өліміне себепші болған адамды бас бостандығынан неге айырмайды? Күресеміз, соңына дейін күресемін!
Кеудесін сан сауал тілгілеген ана дәрігердің кінәсінен бақилық болған қызының сұрауы болмай қалғанына күйінеді. Әуе компаниясында стюардесса болып істеген Лаура Ізбасарова 2018 жылдың қазан айында пластикалық отаның үстінде көз жұмған. Шортандай шоршып ұстатпаған Дмитрий Писаревтің кінәсін дәлелдейтін айғақтар бір жыл дегенде ақыры табылып, сонда әзер дегенде қамауға алынған. Десе де тергеушінің ісі өрге шаппай, қызметіне жүрдім-бардым қарағаны үшін полиция бөлімінің өз ішінде тексеру басталған. Сөйтіп үш тергеуші бірін-бірі ауыстырып жүргенде үш жыл өтіп, жауапқа тартатын мерзімі өтіп кеткен.
Нұрсұлтан Орынбасаров, Алматы қаласы сотының баспасөз қызметкері:
- Дмитрий Писарев өзінің кәсіби міндетін дұрыс орындамағаны үшін, соның салдарынан байқаусызда кісі өліміне соқтырғаны үшін Бостандық аудандық сотымен бүгін кінәлі деп танылды. ҚР Қылмыстық кодексінің 71-бабының 1-бөілігі, 1-ші және 2-ші тармағына сай, сот хирург дәрігер Дмитрий Писаревті қылмыстық жауапкершіліктен босатуға мәжбүр болды.
Бір бап қылмыскер деп танып, келесі бап бостандыққа жібергізіп отыр. Себебі, заңда қателік жіберген дәрігердің ісі екі жылда сотқа жетпесе, кінәсі бола тұра жауапкершіліктен босатылады. Осылайша үш жыл үш айға созылған атышулы іс қылмыскердің бостандыққа шығуымен аяқталды.
Дмитрий Писарев кінәсін сол күйі мойындамады. Хирургтің сот залынан босап шығуы бірінші емес. Дәрігер бұған дейін Дана Агамырдановаға ота жасап өлтіріп алған. Ол кезде де екі жылдан асқанда барып кінәлі деп танылып, артынша істің ескіруіне байланысты абақтыдан үйіне қайтарылған. Дегенмен Дамира Алдамжарова істі жабулы қазан жабуыл күйінде қалдырмайды. Әділдік талап еткен ана апелляцияға беріп, Жоғарғы сотқа дейін шағымданады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!