Тамызда КВИ жұқтырғандар екі есеге артуы мүмкін
Келесі айда еліміздегі коронавирус жұқтырғандардың қатары екі есеге артып кету қаупі бар. Денсаулық сақтау министрлігінің пессимистік болжамы осындай. Ал вирус жұқтырған екінің бірінен үнді штамы анықталып жатыр. Бұл жағдайдың күрделенуіне әкеп соққан.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
08.07.2021
Үнді штамы бір апта ішінде қозатындықтан әрі жедел жұғатындықтан эпидахуал күрделене түсті. Бүгінде 4 миллиондай қазақстандық екпе алған, бұл вакцина қабылдай алатындардың 40 пайызын құрайды. Егу қарқыны артқанымен, өткен аптада дерт жұқтыру көрсеткіші шамамен екі есеге өсіп кетіпті. Ревакцинация туралы айтылып жатса да, әзірге елімізде егілгендерді қайта вакциналау мәселесі жоқ. Тек өндірушілердің нұсқамасына қарай шешім қабылданады. Ал екпе алғандардың 2 мыңнан астамы дерт жұқтырған. Бұл жалпы вакциналанғандардың бар болғаны 0,05 пайызын ғана құрайды деген денсаулық министрлігі өзін жұбатып отыр. Егер еліміздегі стационарлардағы орынның 70 пайызы толса , локдаун енгізіледі. Бірақ министрлік жағдайды ушықтырмауға барымызды саламыз деп отыр.
Марат Шоранов, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:
- Былтырдан бастап үлкен ұйымдастыру жұмысын атқардық. ИВЛ аппараттарын бүкіл Қазақстанға таратып, медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Ал дәрі-дәрмек бойынша әр облыста тұрақтандыру қорлары ашылған, екі айлық төмендемейтін дәрі қорын ұстап отырмыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!