Қоянды тұрғындары жыл сайын жазда ауыз сусыз қалады
Ақмола облысындағы Қоянды ауылының тұрғындары ауыз сусыз отыр. Азаматтар жаз шыққан сайын бау-бақша суармақ түгілі, ішерге тамшы су таппай қалады. Суды дүкеннен литрлеп алады, көлігі барлар қаладан тасиды.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
09.07.2021
Әкімдіктен әбден көңілі қалған тұрғындар тек жоғары жақтағы билік өкілдерінен ғана медет күтеді.
Тұрғындар тамшылап тұрған судың өзін қуаныш көреді. Жуыну, бақша суару деген Қоянды азаматтарына жөнсіз ысырап. Әр үйден бос ыдыс-аяқ таппайсыз. Барлығын суға толтырып қойған. Уақытпен ғана берілетін тіршілік нәрі әркез керек.
Медетхан Бұғай, Қоянды ауылының тұрғыны:
- Су тартылған деп отыр ғой, бірақ шүмекке су келмейді. Су жетіспейді, су қысымы аз. Ал кейбір шет көшелерге су мүлдем тартылған жоқ. Әкімдікке барамыз, бірақ әкімнің қолынан не келеді? Оның өз қаражаты жоқ.
Ауыл әкімі де қолымнан келер қайран жоқ деп отыр. Судың қаттығын о бастағы жобалаудың қателігі деп түсіндірді. Негізі Қоянды бойынша әуелде 880 абонентке жететін мөлшер белгіленген. Кейін ол екі мыңнан асқан. Бірақ еш нәтиже бермеген.
Айбек Есеев, Қоянды ауыл округінің әкімі:
- Судың таралуы тез боп кетіп жатыр. Тұтынушы көп, Жұрттың көбі бау-бақшаға пайдаланады, кілем жуады, шаруашылыққа көп пайдаланады. Сол себепті ауылдың шет жағында орналасқан үйлерге судың күші жетпей қалады.
Су сұраудың қорлығы өткен тұрғындар әкімнің шарасыздығын бетіне басты. Азаматтардан ұрыс естуге шенеуніктің еті үйреніп кетсе керек, әсер еткенін байқай алмадық.
Дина Мейірбекқызы, Қоянды ауылының әкімі:
- Балам үнемі үлкен дәретке отырады. Ол мүгедек. Отырған жерінде жіберіп отырады. Оны жууға су таппай қаламыз, шыны керек. Базынамды айтып, мына кісіге сан рет телефон соғықтым зар еңіреп. Бұл кісі ештеңе шеше алмайды. «Су арнасына» хабарлас дейді. «Су арнасындағы» әлгі Арман деген кісі де ештеңе шеше алмаймын деді. Ол жақ биік, мына жақ сай. Сонда не, екіге бөлінетін заман болдық па?
«Су арнасының» басшылығымен біз де сөйлестік. Ауылдағыларды ауыз сумен қамтуға қажет қоры есептеледі екен. Ол оңай шаруа емес деп жеткізді мекеме басшысы. Сондықтан әзірге суды тасып беріп амалдап жүрміз деп ақталды. Тек сол тасып беріп жүргендері техникалық лай су деп қынжылды тұрғындар. Жауапты мекеме бұны тұрғындардың салақтығына жаба салды.
Арман Бердімұратұлы, «Целиноград су арнасы» Қоянды филиалының директоры:
- Ауданнан сұрап көлік жібергеніміз рас. Оның жанында біздің маман болды, қадағалады. Халықтың барлығы риза болып алды. Бірақ та кеткен соң бір кісілер бақша суарып, лай шелектерін әкелген шығар. Көліктің құжаттары бар, дұрыс. Ай сайын ішін хлорлап отырады.
Қояндыға қажет су қоры былтыр қарашада есептеліп бітіпті. Бірақ бұл тұрғындар ауыз суға қарық болады деген сөз емес. Ауы мен бауы бар шаруа ұзаққа созылып, тұрғындар бір тамшы су үшін әлі талай шулайтын түрі бар.
Қоянды ауылында қалтаң толы ақшаң болғанша, бес литр таза суың болса, өзіңді баймын деп есептесең болады. Ал су тапшылығы жуық арада шешілетін түрі жоқ. Себебі, сумен қамтитын арнайы жоба тек 2022 жылы қолға алынады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!