Биік қабатты үйдің қаптамасы түсіп, тұрғындарды басып қала жаздады
Алматыда тоғыз қабатты үйдің қаптамасы тұрғындарды басып қала жаздады. Таңертеңгі желден Жас қанат ықшамауданындағы нысанның сыртқы сылағы қабырғадан ажырап кеткен. Өтіп бара жатқан адамдар мұны дер кезінде байқап, апаттық қызметке хабар беріпті.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
09.07.2021
Оқиға орнына келген құтқарушылар аумақты қоршап, босап тұрған қаптаманы түсіріп тастады. Қазір құрылыс материалдары жерде шашылып жатыр. Бұл үй 2015 жылы мемлекеттік бағдарламамен салынған. Ал бір жылдан соң пайдалануға берілген. Нысанды тұрғызған атышулы «Астана құрылыс» компаниясы.
Бұл мердігер бұрынғы Алғабас ықшамауданындағы қисайған үйлерді салған. Сыртқы сылағы сылынып түскен үйге берілген кепіл мерзімі аяқталыпты. Сондықтан оны енді кім қалпына келтіретіні белгісіз. Әкімдіктегілер тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында жөнделуі мүмкін дейді. Яғни тұрғындар шығынды өз мойнына алып бөліп төлеуі ғажап емес. Шенеуніктер қаптаманың құлауына жел себеп деп, құрылыс компаниясына шаң жуытпай отыр.
Айдос Бекетаев, Түрксіб ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:
- Жел деп ойлаймыз. Бірақ оны нақты анықтамасын бере алмаймыз. Зерттеу керек, қарау керек. Бұл үйлерге алты-жеті жыл болды. Осы жерде 32 үй салынған, қатар-қатар. Бәрі бірдей. Бәрінің материалы бірдей.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!