Бір үйді тарақандар жаулап алған
Елена Черкасова екі ай бойы пәтеріндегі тарақандармен арпалысып жүр. Күн жылығанда тірілген жәндіктерді қаншама рет жоюға тырысып, жасамаған амалы қалмапты. Күн сайын көбейе түскен тарақан тіпті түнде бетімізде жүреді деп үрейленіп отыр.
Автор: Салтанат Шырынхан
09.07.2021
Елена Черкасова, Алматы облысының тұрғыны:
- Алысып шаршадық. Мұнымен енді қалай күресерімізді білмейміз. Тарақандардың көзін жою үшін өз басым не істемедім. Апта сайын улауға қанша ақшам кетті. Тіпті заттарымыз бен жейтін тамақтарымызды полиэтилен қапшыққа орап жүреміз. Әйтпесе асымызға араласа бастады.
Тұрғындар баспананың бұрыш-бұрышында, жиһазда, бөлмеде, дәлізде асханада қаптаған зиянкесті ұялы телефонға түсіріп алған. Жағдайдың ушығуының себебін біле алмай дал. Бірі бес қабатты үйдің шіріген жертөлесінен шықты десе, енді бірі үй маңындағы қоқыстан келген болуы мүмкін деп болжайды.
Анар Қуатбаева, Алматы облысының тұрғыны:
- 30 мың теңге кетті. Біреуіне 15 мың, екіншісіне 15 мың. Арасына екі апта салып, Соның өзінде тарақан жойылмады. Енді біз түрлі у алып пайдаланғанның өзінде балаларымның аллергиясы бар. Ол улардан да біз қорқамыз. Қатты улаған жағдайда жан-жағымыздағы пәтерлердегі адамдарға кесіріміз тие ме дейміз. Ондай да жағдай болған гой.
Жұрт жиналғанда пәтер иелері кооперативінен ешкім төбе көрсетпеді. Ал санитар дәрігерлер тұрғын үйлерді дезинфекция жасау міндетімізге кірмейді деп отыр. Жақында тағайындалған ауыл әкімі бұл жағдайды кеше ғана естігенін айтып, мәселенің шешілуіне өзім бас-көз боламын дейді.
Қанат Рахимов, Энергетический ауыл округінің әкімі:
- Әкімшілік тарапынан бүгінде кәсіпкерлердің басын қосып, қазір осы кісілердің қолындағы келісімшарты бар дезинфекция жасап береміз деп отыр. Сенбіде үйдің төменгі қабатынан бастап дезинфекция жасаймыз деп кепіл беріп отыр.
Осылайша ауыл әкімі ірісі сұқ саусақтай тарақандардың хлорға да, борларға да бой бермейтінін айтып, залалсыздандыруды бүтін бір тұрғын үйге жасаймыз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!