{metadescription}
0:000:00
Жедел жәрдем қызметкерлері жаппай қысқартылуда – Түркістан облысы 

Жедел жәрдем қызметкерлері жаппай қысқартылуда – Түркістан облысы 

Түркістан облысында жедел жәрдем қызметкерлері жаппай қысқартылып жатыр. Қазығұрт ауданында бригада саны тым көп деген бас дәрігер 4-санаттағы 30 шақты фельдшер мен жүргізушіні қазір таратса, тағы 40 шақтысын жыл соңына дейін ауылдардағы учаске бекеттеріне медбике етіп жібермекші.  

«Үйренген жұмыстан айрылатын болдық» дегендер ашынып, бар былықты жайып салды. Әбден тозығы жеткен жедел жәрдем көліктері бұзылған сайын басшылық тарапынан жөндеуге бір тиын берілмегенін, жанар-жағар майға дейін өз қалтасынан шығарғанын айтады.

Қазығұрт ауданының 4-санаттағы жедел жәрдем фельдшерлері мен жүргізушілері жұмыссыз қаламыз ба деп алаңдаулы. Өйткені ақ халатталырға  бас дәрігер өз еріктеріңмен жұмыс орнын ауыстыру туралы арыз жазыңдар депті. Фельдшер емес, ауданда әлі ашылмаған  медициналық учаскелерге медбике болып ауысасыңдар немесе жұмыстан кетесіңдер деп құқай көрсетті дейді.

Хамит Ақжігітов, фельдшер:

 - Қазір үш бригаданы жауып отыр. Қалған төрт бригаданы төрт айдан кейін жабайын деп отыр. Мүлдем Қазығұрт ауданында 4-санаттағы жедел-жәрдем мүлдем керегі жоқ деп отыр.  Себебі айтылмайды. «Шығынсыңдар, ақтамайсыңдар» - дейді. Алты бригада жүріп-тұрғанның өзінде үлгермей жатырмыз. 50-40 минуттан кешігіп жатырмыз.

Сөзін растау үшін науқастар шақырған журналды көрсетті. Жазбаларға қарасаң, расында сағаттап кешігетін сияқты. Ал фельдшерлер мен көлік жүргізушілері оған тозығы жеткен жедел жәрдем көліктерінің жиі бұзылатынымен түсіндіреді. Оған басшылық тарапынан көк тиын берілмейді дейді. Дөңгелегін ауыстырып, қозғалтқышын жөндеуге дейін қаржыны әр бригада өз қалтасынан шығарады екен.

Садық Мырзабеков, жедел жәрдем жүргізушісі:

Жөндеуге  қаражат бөлінбейді. «Бұзылсаңдар, ақысыз демалысқа кете беріңдер» дейді. Қосалқы бөлшік әкелгенде ғана жүресіңдер дейді. Бізге бала-шаға бағу керек. Бес балам бар, несием бар. Бәрін өз қалтамыздан шығарамыз. Мысалы, Шарапхана 307 мың теңге шығын. Тұрбат 180 мың теңге, Көкібел 150 мың теңгені өз қалтасынан шығарып жатыр. Көлігіміз  ескі.

Көліктердің шынымен-ақ тозығы жеткен. Кейбірін орнынан қозғау үшін науқастар да көмекке келетін көрінеді. Біздің көзімізше де тұралап қалған бір жедел жәрдем көлігін жабылып жүріп зорға от алдырды.

Қазығұрт ауданындағы жедел жәрдем көліктерінің сиқы жаман. Көпшілігі жөндеуде болмаса, сайманы жоқ, қаңтарылып тұр. Соның салдарынан  жедел жәрдем жүргізушілері науқастарға өз көлігімен шығуға мәжбүр.

Аудандық аурухана басшысы 4-санаттағы бригадалар саны тым көп дейді. Алдыңғы бас дәрігер созылмалы ауруларға қызмет көрсететін бригаданы ала бергенін, ал оның аурухана бюджетіне үлкен салмақ түсіретінін айтады. Министрліктің бұйрығы бойынша 10 мың адамға бір бригада жетеді екен. Сондықтан 110 мың халқы бар ауданға 11 бригада толық жетеді деп түсіндірді.

Бейбіт Төреханов, Қазығұрт ауданы ауруханасының бас дәрігері:

- Бұл жерде оңтайландыру, қызметкерлердің барлығын жұмыстан шығару, қысқарту емес. Қысқартылмайды, тек жедел жәрдем стансасынан бізде қосымша аймақтардың ашылуына байланысты сол жаққа қызмет ауысады. Бұлардың еңбек кодексіне сай айлығы төмендемейді. Өз  қалауымен жасаса жасаған шығар. Біз жөнде деп айтқан емеспіз.

Фельдшерлер мен жүргізушілер жедел жәрдем көлігін өз қалтасынан шығарғанын шатақ деп санамаған бас дәрігер оңтайландыру бәрібір жасалуы керек дейді. «Үйренген орнымыздан айрылатын болдық» деген қызметкерлер енді прокуратура мен облыс денсаулық сақтау басшысына жүгінеміз деп тарасты.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

загрузка...
Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.