Еңбекші тұрғындары суға таласып жаға жыртысты
Түркістан облысында ауыз суға таласқан ауыл тұрғындары бір-бірімен жаға жыртысты. Қазығұрт ауданындағы Еңбекші ауылына құбыр жүргізілгенімен, көктем мен күзде тамшы танбайды екен. Себебі, су құбырына бай-бағландар рұқсатсыз қосылып алған көрінеді.
Автор: Бек Әбиев
12.07.2021
Соның салдарынан қысым азайып, ауылға ауыз су жетпей жатыр. Ауылдағы құдықтан су алуға келгендер күндіз-түні жанжалдасады. Судан тарыққан жұрттың жағдайын тілшіміз көріп қайтты.
200-дей отбасы тұратын Еңбекші ауылына су құбыры 2010 жылы тартылған. «Енді таза су әр ауладан ағады» деген басшылық сөзі іске аспай қалған. Өйткені құбырдағы қысым азайып, жұрт жаз бойы ауыз судан қағылады. Тұрғындар ыдыс-аяғын есек арбаға артып, ауыл шетіндегі құдыққа барады. Бірақ ішінен құрт шығып жатқан құдықтың суы тез ортайып, ауылда суға бола күнде жанжал.
Еңбекшіде мұндай екі-ақ құдық бар. Оның өзі тым сапасыз, бірақ ішпеске амал жоқ. Мусыз мал ұстап, бақша да еге алмайды.
Дариға Балтаева, Еңбекші ауылының тұрғыны:
- Халықтың жанайқайын естіген, халыққа жаны ашитын адам болса, Меккеден болсын, жеті қат жердің астынан болсын қазып, өкімет деген қаржыны аяп жатқан жоқ. Теледидардан күнде естіп жатырмыз, пәлен миллион суға, пәлен миллион жолға бөлінді деп, бірақ сол миллиондар қане?! Бізге бір тамшы су жетпей отыр. Халық қамын ойлап жатқан адам жоқ.
Ал аудан атқамінерлері есеп бергенде Еңбекші мен маңындағы ауылдар үздіксіз таза су ішіп отыр деп көпіреді екен. Олай деуіне он бір жыл бұрын 200 миллион теңгеге тартылған құбыр себеп. Ауылға тартылған су жүйесіне жарты жолдан байлар құбыр жалғап, қысым азайып кеткен дейді тұрғындар.
Ербол Отбаев, Еңбекші ауылының тұрғыны:
- Ақбурадан Еңбекші елдімекеніне тартылған су құбырынан жолда әкім, прокурор, бай мырзалар тартып алған. Қазір адам ішетін суды мал ішіп отыр. Оны тексеріп, барлап отырған ешкім жоқ.
Қысымның төмендеуіне құбырдағы ақау да себеп. Өйткені 20 шақырымнан астам су желісінің әр жері бір тесіліп жатыр. Оны жөндейтін жауапты маман да жоқ.
Ауылдың кіреберісіндегі су құбырының жарылғанына бір айға жуықтаған. Бұл туралы тұрғындар суға жауапты басшыларға сан мәрте айтқанымен, ешкім елемепті. Ел шулап, тілшілер келген соң, сонша айтып алдыра алмаған арнайы техника ілезде жетіп келді. Техниканың артынан шенеуніктер де жетті. Айтуынша, Еңбекшіге су беріп жатқан Ақбура өзенінде су жылдан жылға азайып жатқан соң, қазір қосымша су жинайтын қойма салынады екен.
Тайбек Қалымбетов, Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары:
- Қазір мың- мыңнан, 2 мың текше метр қойманың сметасы әзірленіп жатыр. Бұл су жинауыш қойманың жобалық құжаты әзірленгеннен кейін, сараптамасы алынған соң, аудан, не облыс бюджетіне ұсынамыз. Биыл шешіліп кетсе, нұр үстіне нұр, ал келесі жылы 100 пайыз шешіледі.
Шенеунік жоспардағы жобаның құны мен қолданысқа берілетін мерзімін нақты білмесе де, келесі жылы таза ауызсумен қамтимыз деп уәде берді. Бірақ ауданның атқамінерлерінің уәдесіне тұрғындар әлдеқашан сенуден қалған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!