Елордада жер үйде тұратындар газсыз қалуы мүмкін
Елордада жер үй тұрғындары көгілдір отынсыз қалуы мүмкін. Қаланың қақ ортасында орналасқан 150 жер үйдің тұрғындары газға қосылмай қалатын болдық деп шу көтерді. Қыс бойы көмірдің көк түтініне булығатын жұрт мәселені шешу үшін жауапты тұлғаларды бетпе-бет кездесуге шақырды.
Автор: Ербол Тұрымбет
13.07.2021
Жамал Қалиева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Ол пеш жаққан бір 20 шелек көмір салып отыру керек. Екіншіден, таза ауамен демалайық десек, немерелерімізбен қыстың күні, күзде, көктемде есік алдымызда, жанымызда Жерұйық саябағы тұрса да, демала алмаймыз. Қара түтін. Астанаға газ келді деп қуанып жүрсек. Кездейсоқ біреуден естідік, біздің ауылды жобаға қоспаған.
Бір кездері бұл жер Қараөткел ауылы болған. Есілдің сол жағалауына қала салынған кезде бұл жер бас шаһардың қақ ортасы бола қалған. Бірақ күзден бастап көктемге дейін бұрынғы әдетінше көмір жағады. Арқаның алты ай қысында елорданың қара түтінге орануына мына мұржалар зор үлес қосып отыр. Тұрғындардың айтуынша, осы жердегі 150 үй қаланы газдандыру жобасына кірмей қалған. Егер көгілдір отын құбырын тартып әкелсе, бәрі қосылуға дайын. Көбі үйлеріне газ құбырларын жүргізіп те қойған. Мұның өзін орнатуға бір-екі миллион теңге қаражат жұмсалады. Көмірден құтылу үшін жұрт осынша шығынға да барған. Алайда газдандыру жобасына кірмей қалғаны төбесінен жай түсіргендей болыпты. Бірақ жұрт жиналып тілшілерді шақыруы сол екен, қаланы газдандыру жобасына бұл тұрғындар әлдеқашан кіріп қойған болып шықты. Әйтсе де құрылыс түгілі жоба-смета құжаты әлі басталмаған. Соған қарамастан күзде бітіреміз деп уәде берді.
Төлеген Құлышев, Нұр-Сұлтан қаласы отын-энергетика кешені және коммуналдық-шаруашылық басқармасының бастығы:
- Алдында орталық жылу қосылған негізі, сондай ой болған. Бірақ біздің ТЭЦ-тердің қуаты жетпей жатыр. Сол үшін біздің басқармамен жобасын бастап жатырмыз. Бір айдың ішінде, бір жарым айдың ішінде бітіреміз. Құрылысты қарашада бастаймыз,
- Құдай қаласа, қарашада бастайсыздар, сонда қашан бітіресіздер?
- Бір, бір-екі айдың ішінде аяқтаймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!