Ақтөбеде үлескер құрылыс басшылармен кездесуді талап етті
Ақтөбеде бір топ үлескер облыс әкімдігінің алдына жиналып құрылысқа жауапты басшылармен кездесуді талап етті. Олар қаладағы ірі құрылыс кешенін салып жатқан компанияны тексеруді сұрап отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
13.07.2021
Тұрғындар баспана үшін ақшаларын толық төлеп, жарты жыл бұрын жаңа қоныстарына кіру керек болған. Бірақ әлі күнге дейін кешеннің не жарығы, не суы жоқ екен. Ал шенеуніктер құрылысты тексеруге асығар емес.
Қаланың қақ ортасындағы «Достар» деп аталатын кешеннің болашақ тұрғындары таң атасымен облыс әкімдігіне жиналды. Үлескерлер мердігерден еш пайда болмаған соң, оны тезге салар деп сәулет пен құрылысқа жауапты шенеуніктерге арызын арқалай келіпті. Себебі: үйдің құрылысы былтыр бітуге тиіс болған. Бірақ әлі күнге дейін инфрақұрылымы дайын емес дейді жиналғандар. Онымен қоса құрылыс сапасына да көңілі толмайды.
Гүлмира Сариева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Комфорт-класс болады деді. Қазір қарасаңыз, ешқандай комфорт-класс жоқ. Біз 100 пайыз ақшамызды төлегеннен кейін жағдайы бар жақсы үйге кіргіміз келеді. Кім болса да солай ғой.
Бақыт Сарманова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Үйді дұрыс салмаған. Кешегі бірінші жаңбырда подъезден су кетті. Пәтерден су кетті. Енді ол ертеңгі күнде қалай болады? Құрылыс компаниясының өкілі өзі қолын сілтеп дұрыс жауап бермеді.
Ал құрылыс компаниясының басшысы өзіне шаң жуытар емес. Жұмыстың кешігуіне пандемия себеп болған көрінеді. Шетелге тапсырыс берген материалдары жақында ғана келіпті. Бірақ үйдің қашан қолданысқа беретінін айтудан қашқақтайды.
Арман Қонақбаев, құрылыс компаниясының директоры:
- Нақты уақыт болғанда, нақты уақытты айтсам келіп тұрасыңдар ғой. Жарайды, жобалап айтсам, шілденің соңында дейін. Өйткені есептегіш кеше келді. Бәрі күні кеше келді. Бәрі бар. Суды астына қостық.
Ал құрылыс сапасын тексеруге шенеуніктер асығар емес. Оған президент жариялаған мораторийі кедергі болып отыр. Тек аймақ басшысы Оңдасын Оразалин ғана тексеруге бұйрық бере алады екен.
Қуаныш Акиев, Ақтөбе облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасы инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Тексеріс жүргізуге болмайды. Сондықтан біз бұндай жағдайда мемлекеттік органның бірінші басшысының колымен рұқсат алуымыз керек, тексеріс жүргізу үшін. Қазір тексеріске рұқсат аламыз әкімнің қалай қол қойылады, біз прокуратураға тексеріс жүргізуге құжаттарды жолдайтын боламыз.
Облыс әкімінің құрылысты тексеруге тапсырма берер-бермесі әзір белгісіз. Сондықтан қоныс тойлауды салымшылар әзірге жоспарламаса да болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!